Коалиция мүшелері еңбек адамдарымен кездесті
Республикалық референдум аясындағы үгіт-насихат шаралары аймақтарда қарқын алды. Өңірлік коалиция өкілдері еңбек адамдарымен кездесіп, ел арасында Конституцияның жаңа жобасын кеңінен түсіндіруде.
Қызылордада «Ақ жол» партиясы өкілдері қаладағы ірі ойын-сауық орталығына барып, көпшілікті алдағы референдумға қатысып, ел үшін маңызды шешім қабылдауға шақырды. Ал «Достық үйінде» «Халықтық Конституция – қуатты мемлекет!» тақырыбында сарапшылардың алқалы жиыны өтті. Жаңа құжатта заң мен тәртіп қағидаты күшейген. Жалпы әр тарау, әр бап сараланып, ой-пікірлер ортаға салынды.
Наурызбай Байқадамов, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры:
Елге біздің жаңа Конституциямыздың негізгі жаңашыл бағыттарын және еліміздің болашақта қандай мүмкіндіктерге жол ашатын басымдықтарын түсіндіру. Және халықты осы ұйымшылдықпен еліміз үшін саяси науқанды өткізуге шақыру. Ал таңдау - әркімнің өз еркінде.
Жалпыұлттық коалиция мүшелері бүгін Түркістан облысындағы Ордабасы аудандық орталық ауруханасының ұжымымен кездесіп, Ата заң жобасындағы негізгі баптары мен ел дамуының басым бағыттарын талқылады. Сондай-ақ Бадам ауылында еңбек адамдарымен жүздесті.
Нұрсұлтан Байтілесов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Кездесуде адам құқықтарының қорғалуы, адвокаттарға конституциялық статус берілуі, онымен қоса ұлттық валютамыздың теңге ретінде бекітілуі, халықаралық заңнама арқылы бекілетіндігі соны халыққа айтып, түсіндіріп жатырмыз.
«Әділетті әрі Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» жалпыұлттық коалициясының мүшелері ақтөбелік еңбек ұжымдарымен де кездесті. Мәжіліс депутаттары мен сарапшылар медицина ұйымдарына барып, жаңа Конституция жобасын түсіндірді. Құжатта азаматтардың денсаулығын қорғау және тегін медициналық көмек алу құқықтары нақты қарастырылғаны айтылды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы