Басты Жаңалықтар Футбол - Италия мәдениетінің бір бөлігі

Футбол - Италия мәдениетінің бір бөлігі

Италия тарихында Олимпиада ойындары осымен төртінші рет өткізіліп жатыр. Бірақ бұл елде футбол спортына деген ықылас пен қызығушылық өте жоғары. Миланда жүрген әріптесім Азамат Бейбітұлы италиялиялық футбол мәдениеті туралы баяндайды.

Азамат Бейбітұлы, тілші:

Италияда футбол – жай ғана спорт емес. Бұл – өмір салты. Таңғы кофеден кешкі эспрессоға дейін айтылатын әңгіменің өзегі – футбол. Көне алаңдар, міне, осы Сан-Сиро сияқты ғасырлық тарихы бар стадиондар, жанкүйерлердің әні мен жалауы – мұның бәрі елдің рухымен біте қайнасқан.
Италия – төрт рет Әлем чемпионатын жеңген. Ал клубтық деңгейде Серия A – Еуропадағы ең беделді лигалардың бірі.
Мәселен, Милан қаласының қос алыбы – Интер мен Милан. Олардың арасындағы «Дерби» тек спорттық бәсеке емес, тұтас мәдени құбылыс. Ал Туринде Ювентус клубы – елдің символына айналған команда.
Италиядағы футбол мәдениеті ең алдымен стадионнан көрінеді. Жанкүйерлер матчты театрға келгендей тамашалайды. Ән айтады, хореография жасайды, клуб тарихын құрметтейді. Бірақ қызығы – осынша дамыған футбол елі бола тұра, біз Қазақстандағыдай әр ауланың ортасынан шағын футбол алаңдарын  көрмедік.
Елімізде, әсіресе қалаларда, әр ықшамауданда  балалар доп теуіп жүретін алаң көп. Аула футболы – бізде жаппай құбылысқа айналған, өте қолжетімді. Ал Италияда балалар көбіне арнайы академияларда, клуб мектептерінде жаттығады. Яғни жүйе кәсіби бағытқа ертерек бейімделген.
Дегенмен, италиялықтар үшін футбол – ұрпақтан-ұрпаққа берілетін дәстүр. Атасы қолдаған клубты немересі де қолдайды. Бұл – отбасылық мұра.
Екі ай бұрын миландық «Интер» алматылық 
«Қайрат»  командасымен тап осы стадионда кездесіп, 2:1 есебімен басым түсті. Есеп жағынан италиялық клуб жеңіске жеткенімен, «Қайрат» тартысты ойын өрнегін көрсетті. Бұл – қазақ футболының да ілгерілеп келе жатқанын аңғартатын жарқын сәттердің бірі.
Италияда футбол – тарих пен дәстүрге сүйенген жүйелі индустрия. Қазақстанда футбол болса  – енді қалыптасып келе жатқан, бірақ халықтық қолдауы қуатты спорт. Бірі – ғасырлармен қалыптасқан мектеп, екіншісі – үлкен футболда үлкен қадамдар жасап жатқан жас талпыныс. Ортақ дүние - нөмірі бірінші спорт - футбол!

Бөлісу