Таразда Қараханидтер дәуірінен қалған «Төрткүл» керуен сарайын жаңғырта бастады
Таразда Қараханидтер дәуірінен қалған «Төрткүл» керуен сарайы қайта жаңғыртылып жатыр. 11-13 ғасырға тән тарихи нысан 90%-ға тозып кеткен. Салдарынан соңғы 2 жылдай есігіне қара құлып салынып, мәдени шаралар өткізілмеді. Былтыр қамалдың қабырғасы құлағаннан кейін қала билігі қаржы бөлуге уәде етті. Тарихи нысанның маңызы мен құрылыс қарқыны жайлы Данияр Әлімқұл толықтырады.
Бұл «Төрткүл» керуен сарайының кірпіші XІ ғасырда қаланған. Кей деректе 9-шы ғасырда тұрғызылғаны айтылады. Сөйтіп ХІІІ ғасырға дейін сауда керуендері аялдайтын тынығу орны болған. Ал осыдан 45 жыл бұрын алғашқы археологиялық қазба жұмысы жүрді.
Ескендір Төребеков, тарихшы-археолог:
Нысанның XI–XIII ғасырда салынғанын сол кезеңде соғылған Қараханидтер теңгелерінің табылуы арқылы білдік. Сарайдың шаршы пішінде екені, қабырға биіктігі 2-ден 6 метрге дейін жеткені анықталды. Керуен-сарай болғандықтан қонақтардың тынығатын бөлмесі, тұрмыстық шеберханалар болған. Сондай-ақ ислам діні келген кезеңде салынған көне мешіт орны анықталды. Керамикалық ыдыстар да көптеп кездесті.
Ал 2000 жылдары қазба жұмысы қайта жүрді. Нәтижесінде 7 мыңға жуық жәдігер табылып, ертедегі ескі қалашық Жібек Жолы бойындағы маңызды туристік нысан ретінде танылды. Ал 2014 жылы аспан асты мұражайына айналды. Бірақ 10 жылдан аса жөндеу көрмегендіктен 90% тозығы жеткен.
Данияр Әлімқұл, тілші:
Былтыр сыртқы қоршауының қабырғасы қақырап, әр жерден опырылып құлаған болатын. Апатты жағдайдан кейін қайта қалпына келтіру жұмысы енді жанданды. Бірақ қазір ауа-райының қолайсыздығына байланысты уақытша тоқтап тұр. Мердігер Керуен сарай құрылысының 50% жуығын еңсерген.
Иә былтыр сыртқы сылағы сыпырылып, шатыры ойылғандықтан Тараз әкімдігі тарихи нысанға мән бере бастады. Сөйтіп Төрткүл керуен сарайын қайта жаңғыртуға қала қазынасынан 863 млн теңге бөлді.
Елдос Бегімбаев, мердігер компанияның өкілі:
Ішіндегі ғимараттың біреуін біз дизайнерлермен ақылдасып, ішін көне 13-ғасырдағы келбетке келтіреміз. Іші-сыртының бәрі Самарқандтан келетін күйген кірпішпен қапталады. Еденін көріп тұрғаныңыздай таспен дайындап жатырмыз. Тек қана бұл жаққа канализация мен водопроводын тарту. Оны күннің қолайсыздығы болып тұрған соң тарта алмай жатырмыз. Оны келесі апта тартамыз.
Жаңа жоба бойынша қамалда қолөнершілердің көрме залы болады. Мәдени шаралар үшін сахна мен автотұрақ салынады. Мердігер жаңғырту жұмысын маусым-шілде аралығында бітіріп бермек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы