Басты Жаңалықтар Жаңа Конституция жобасына еуропалық сарапшылар үн қосты

Жаңа Конституция жобасына еуропалық сарапшылар үн қосты

«Жаңа Конституцияны қоғамның талқысына салып, халықтық референдум өткізу-елдегі демократияның айқын көрінісі». Осылай деген еуропалық сарапшылар Жаңа Конституцияны қызу талқылап жатыр. Айтуларынша, Ата заңның жаңа жобасында адам құқын қорғауға басымдық беріліп, мемлекет пен қоғам арасындағы кері байланыс механизмі күшейтілген.
«Қазақстандағы жаңа Конституция жобасы елдің саяси жаңғыруына, заң үстемдігін нығайтуға бағытталған». Брюссель баспасөз клубының Президенті Антонио Бускардини осылай дейді. Оның пайымынша, супер Президенттік басқару жүйесінен ықпалды Парламенті бар Президенттік республикаға көшу-билік институттарының тепе-теңдігін қамтамасыз етіп, елдің орнықты дамуына серпін береді». Жаңа жобада мемлекеттік биліктің қайнар көзі-ел халқы деп бекітіліп, адам құқын қорғауға басымдық берілуі жоғары бағаға лайық, дейді сарапшы.
Антонио Бускардини, Брюссель баспасөз клубының президенті, «Travel Tomorrow» медиа порталының жетекшісі:

Конституцияда адам құқықтары мен бостандықтарын бекіту өте маңызды қадам. Қазір әлемде халықаралық құқық қысымға ұшырап, мемлекеттер арасында егемендікке қатысты дау өршіген тұста Қазақстанның адам құқықтарына, азаматтардың қоғамдық өмірге белсене араласуына басымдық беріп, реформа жасауы ЕуроОдақ тарапынан құптарлық. Әрі бұл Конституциясын шамамен бір уақытта қабылдаған аймақтағы көршілес елдер үшін жақсы тәжірибе.
«Қазақстанның бір палаталы парламенттік жүйеге көшуі елдегі заң шығару процесін жеделдетіп, бюджет шығынын азайтады». Орталық Азия бойынша тәуелсіз сарапшы Альберто Тюркстра осылай дейді. Оның пайымынша, бүгінде әлемде ұлттық заң шығарушы органдардың 60%-ға жуығы бір палаталы. Олар өзінің тиімділігін әлдеқашан дәлелдеген. Жобамен жіті танысқан журналист тың ұсыныс теңдестірілген билік жүйесін құруға, қоғамның түбегейлі өзгеруіне септігін тигізеді деген сенімде.
Альберто Тюркстра, «Дипломатиялық әлем» басылымының жоба жетекшісі, Орталық Азия елдері бойынша тәуелсіз сарапшы:
Жаңа Конституцияда азаматтарға өзінің құқықтары мен міндеттерін терең біліп, мемлекеттік институттарды жауапкершілікке тарту тетіктерін айқынырақ түсінуге мүмкіндік беріледі. Және атқарушы, заң шығарушы және сот билігінің бір бірінің жұмысына кері әсер етпейтіндей қызметтері нақты көрсетілген. Яғни, Қазақстан азаматтарға өз пікірін еркін білдіруге, мемлекет пен қоғам арасындағы кері байланысты күшейтетін басқару моделіне көшуде.
Бұған дейін Қазақстандағы Президенттік, Парламенттік сайлауларға қатысқан Альберто Тюркстра 15-наурызда өтетін Референдумға да байқаушы ретінде қатысудан үмітті. Жаңа Конституция саяси жүйені түбегейлі өзгертіп қана қоймай, қазақ елінің әрі қарай да тұрақты, қуатты дамуына серпін берері сөзсіз-дейді шетелдік сарапшылар.


Бөлісу