Шет ауданында 21 медициналық нысан салынды
Қарағанды облысы Шет ауданына қарасты 21 елді мекенде жаңа медицниалық нысан салынды. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында басталған құрылыс жұмыстары 2025 жылдың соңында аяқталған. Барлық нысан қолданысқа берілді ме? Жалпы өңірде жоба қалай жүзеге асты?
Қарағанды облысында соңғы 3 жылда 91 медицниалық нысан бой көтерді. Оның 66 ауылдық жерде. Соның бірі Кеңшоқы ауылы. 600-ден аса тұрғыны бар елді мекен бұған дейін ескі жер үйде ем алып келген. Ауырса іргедегі аудан орталығына шапқылайды. Енді мұнда Фельдшерлік-акушерлік пункт қолданысқа берілді.
Несіпгүл Түсіпбекова, Кеншоқы ауылының тұрғыны:
Ескінің аты ескі ғой. Бәрібір қаншама жыл тұрғын үй болатын. Өзі суық болды. Ашық, тесік болды. Система алатын жері бар. Қантымызды өлшетіп тұрамыз. Барлық жағдай жасалған.
Несіпгүл Түсіпбекова сынды ауыл тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Енді тұрғындар алғашқы медициналық көмектен бастап, қажетті барлық ем-домды осында алады. Аптасына бірнеше рет аудан орталығынан арнайы дәрігер келіп, қабылдау өткізеді. Жаңа нысанда 2 медбике жұмыс істейді.
Гүлнар Тикенова, медбике:
Бұрын ескі ФАП-та 11 жыл істедім. Енді осында көштік. Жаңаның аты жаңа. Іші жылы, жағдай жасалған, керек-жарақтың бәрі бар. Физлечение бар, магнит, ингаляция бар.
Шет ауданының 21 елді мекенінде медициналық нысан салынды. Былтыр кестеден кешіккен 10 ғимараттың құрылысы толықтай аяқталып, 8-і қолданысқа берілген. Алдағы уақытта тағы 2 фельдшерлік-акушерлік пункт ашылмақ.
Алпыс Аманжолов, Шет ауданы ауруханасының директоры:
Шалғайда жатқан елді мекендердегі халықтың аудан орталығына бармай, сол жерде алғашқы медициналық көмекті толығымен алуға мүмкіндік береді. Мамандар тапшылығы жоқ. Барлық 21 нысанда медбикелер жұмыс істеп жатыр.
Өңірде ұлттық жоба аясында ашылған 91 нысанның, басым көпшілігі шалғай ауылдарда салынған. Оның 51-і қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылды. Алдағы уақытта облыс орталығында онкологиялық аурухананың операциялық-жансақтау бөлімі мен Балқаш қаласында медициналық хаб ел игілігіне берілмек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы