Басты Жаңалықтар Абай облысының шаруалары шикізаттан экспортқа бет бұра бастады

Абай облысының шаруалары шикізаттан экспортқа бет бұра бастады

Абай облысында шаруалар шикізатты дайын өнім етіп өндіріп, экспортқа бет бұра бастады. Ал кейбірі ауыл шаруашылығы техникалары мен қосалқы бөлшектерді құрастыру өндірісін қолға алған. Заман талабына сай салаға жаңа көзқарас қалыптастырған еңбек адамдарымен тілшіміз Ержан Жақып тілдесті.

Нұрбек Имашев 2009 жылдан бері Үржар ауданында ауыл шаруашылығымен шұғылданады. Дәнді-дақылдар мен ірі көкөніс алқаптары бар. Енді ауыл шаруашылығын әртараптандыруға ден қойды. Алғашында жер өңдеуге өзіне  қажет тракторларды Қытайдан әкеліп құрастырып бастаған. Өткен жылдан бастап жинақтау өндірісін қолға алды. Қазір тапсырыс бойынша қажет ауыл шаруашылық техникалары мен қосалқы бөлшектерді жасайды. Жақында алғашқыларын сатылымға шығармақшы.

Нұрбек Имашев, кәсіпкер:

Соқа бар. Содан кейін бізде жер тегістейтін, себетін. Сол өнімнің бәрін бізде негізі комплект етіп жасаймыз. Қазір өзімізде өндіріс дамысын деген. 30 пайыз субсидиясы бар Қазақстанда құралған тракторларға.

Ал Шаттық Ыдырыш күнбағыс майын шығаратын шағын зауыт құрды. Іске қосуға дайын тұр. Шағын дегені болмаса, қуаттылығы күніне 100 тонна сұйық май өндіруге қауқарлы. Осыған дейін диқаншылықпен шұғылданған шаруа өнімін шикізат күйінде тапсырып келген. Енді дайын өнімді экспорттауды жоспарлап отыр. Зауыт іске қосылғанда 12 жаңа жұмыс орны ашылады.

Шаттық Ыдырыш, кәсіпкер:

20-23 күн дегенде осыны құрып болдық. Қазір дайын тұрмыз. Осы айдың аяғынан бастап тартуға дайынбыз. Сұраныс Қытай, Өзбекстан. Қазір майға деген сұраныс өте жоғары.

Тек Үржар ауданында 113 мың гектар егістік алқап бар. Облыста ауылшаруашылық техникасын да ең көп тұтынатын аудан. Сондықтан шаруалардың дайын шикізатты терең өңдеу мен техника құрастыруға ден қоюы саланы ілгерлете түседі дейді мамандар.

Ерзат Болатов, Үржар аудандық кәсіпкерлік және а/ш бөлімінің басшысы:

Ауыл шаруашылығы дамыған ірі аудандардың бірі саналады. 82 миллиард теңгенің өнімдері өндіріліп, нақты көлем индексі 109,5 пайызбен қамтамасыз етілді. Бұл облыста қаламен, аудандармен салыстырғанда Үржар ауданы екінші орында тұр. 113 мың гектар егістік егілді. Өткен жылы аудан бойынша 2 миллиардқа жуық, 152 ауыл шаруашылық техникалары алынды.

Жалпы, Абай облысында өткен жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 583,8 млрд теңгеге жетіп, өсім 101,1 пайызды құраған. Бұл көрсеткіштер өңірде саланы әртараптандыру жұмыстарының нәтижесін көрсетеді. Шикізатты өңдеу, техника құрастыру және дайын өнім экспортын дамыту – ауыл шаруашылығының жаңа бағытқа бет алғанын айқындайды.


Бөлісу