Басты Жаңалықтар Премьер-министр елорданың қазіргі индустриялық тынысымен танысты

Премьер-министр елорданың қазіргі индустриялық тынысымен танысты

Еліміздің энергетика саласы жаңғыра түспек. Бүгін Премьер-министр Олжас Бектенов елорданың ең ірі жылу энергетика орталықтарының бірінде болып, нысанның негізгі жабдықтарын қарап шықты. Астана әкімі Жеңіс Қасымбек биылғы жылыту маусымы штаттық режимде өтіп жатқанын баяндады. Қаланың қарқынды өсуіне қарамастан жылу электр орталықтары халықты қуат көздерімен толықтай қамтамасыз етіп отыр.

Бұл қаланың сол жақ жағалауына жылу тарататын 3-жылу электр орталығы. Сағатына 440 Гкал жылу өндіреді. Қаладағы бұған дейінгі энергия тапшылығын толығымен жауып, артық қор қамтамасыз етіп отыр. Премьер-министр табиғи газбен жұмыс істейтін нысанның қазіргі тынысымен танысты. Орталық барынша автоматтандырылған. Қазіргі таңда 4 қазандық қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр. Биыл жобаның 1-кезегі толық аяқталып, 2-кезегі басталмақ. Осы жылы нысанда көмірді резервтік жағдайда балама отын ретінде пайдалану көзделген.

Атажан Жолымбетов, «Астана-энергия» АҚ ЖЭО-3 жөндеу цехының басшысы:

Біз 2023 жылы іске қосылғалы бері алғашқы қазандықтарды газбен жақтық. 2023 жылдан бастап 3-жылу маусымды газбен өтіп жатырмыз ғой. Көмірге өткізу осы жылдың жоспарында бар.

Астананы сенімді жылумен қамтамасыз ету үшін осындай үш жылу электр орталығы бар. Одан бөлек екі газ жылу стансасы жұмыс істеп тұр. Қаланың қарқынды өсуіне байланысты тағы бір газ жылу стансасының құрылысы жүргізілуде. Нысанды аралау барысында Үкімет басшысы осы жылдың 15 наурызында өтетін референдумға азаматтардың белсенді қатысуының маңыздылығын атап өтті. Ал еңбек ұжымы жаңа Конституция жобасына қатысты пікір білдірді.

Мария Цыбина, «Астана-энергия» АҚ ЖЭО-3 жылу автоматикасы және өлшеу цехының іс жүргізушісі:

Конституциялық өзгерістер мемлекет пен халық арасындағы байланысын күшейтіп, ел болашағына сенімді қоғам жасауға жол ашады.

Ал бұл автокомпоненттер шығаратын жаңа зауыт. Былтыр ғана іске қосылған. Бұл сала Қазақстанның машина жасау индустриясы үшін аса маңызды. Яғни зауыт дайын көлікті жай ғана «жинап» қоймайды, оның негізгі бөлшектерін жасауға және күрделі құрастыруға бағытталған. Зауытқа сырттан тек шасси жеткізіледі, қалған жұмысты өздері тындырады. Жобалық қуаты жылына 400 бірлік техникаға дейін жетеді. Оның ішінде өрт сөндіру автоцистерналары, вахталық фургондар және коммуналдық-жол машиналары бар.

Айжан Иманғали, тілші:

Дәл осы фургонды құрастырып шығару үшін 1,5 ай уақыт кетті. Бұл жұмысшыларды тасымалдауға арналған техника. Іші жайлы, қыста жылы, жазда салқын. Осындай кондиционер орнатылған. Мінекей, осындай қызметтік үстел бар. Бұл техника орман шаруашылығымен айналысатын өңірлердің біріне аттануға дайын тұр.

Жобаны жүзеге асыруға 5,1 млрд теңгеден астам жеке қаражат жұмсалды. Кәсіпорын кәсіпкерлікті дамыту қорының қолдауына ие болған. Енді зауыт жақында кішігірім сыпыру-жинау машинасын жасап шығармақ.

Баубек Қазыбаев, «Автокомпоненты KZ» ЖШС коммерциялық бөлімнің директоры:  

Ол шағын, салмағы аз.. Сонымен қатар функционалы көп. Ол былай атқанда аз салмағымен брусчатканы бұзбайды.

Қазіргі таңда қала экономикасының өзегі - өңдеу өнеркәсібі. Былтырдың өзінде қала кәсіпорындары 3,4 триллион теңгенің өнімін шығарды. Өндірістің басым бөлігі 1 Индустриялық паркте орналасқан. Бүгінде мұнда 137 жоба жүзеге асып жатыр. Нәтижесінде 9 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған.


Бөлісу