Елімізде баламасы жоқ ерекше зауыт ашылды
Семейде бұршақты және майлы дақылдарды қайта өңдейтін зауыт ашылды. Мұндай кәсіпорын Қазақстанда тұңғыш рет іске қосылып отыр. «Agrolider KAZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі базасында құрылған өндіріс жылына 72 мың тонна шикізатты өңдеуге қауқарлы. Жобаның жалпы құны 4,1 млрд теңгені құрайды. Нәтижесінде өңірде 50 жаңа жұмыс орны пайда болды. Зауыттың салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Берік Уәли мен Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров қатысты.
Берік Уәли, облыс әкімі:
Мемлекет басшысы аграрлық саланы әртараптандыру, шикізатты терең өңдеу және қосылған құны жоғары өнім өндіру міндетін айқындап берген болатын. Бүгін іске қосылып отырған кәсіпорын сол тапсырмалардың өңірлік деңгейде жүзеге асуының айқын көрінісі. Жергілікті диқандар үщін тұрақты нарық және өңір экономикасының өсімін қамтамасыз етеді.
Кәсіпорын жасымық, зығыр, асбұршақ, жүгері және қарақұмық секілді өнімдерді өңдейді. Дайын тауарларды Еуропа, Қытай, Түркия және Африка сынды елдерге экспорттайды. Жалпы, Абай облысында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағытындағы ірі жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді. Бұл жаңа өндіріс – өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, ауыл шаруашылығы саласының дамуына тың серпін бермек.
Әсемхан Досқожанов, серіктестік құрылтайшысы:
Бұл зауыт біздің елімізге үлес қосады деп ойлаймын. Біздің экономикамыз дамып, 10 мемлекетке экспорт кетеді. Сол үшін көп рахмет біздің облыстың әкімшілігіне.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы