Еліміздің Ұлттық кітапханасындағы грек авторларының сирек басылымдары туралы жинақ жарық көрді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздің Ұлттық кітапханасындағы грек авторларының сирек басылымдары туралы жинақ жарық көрді

08.04.2019

«Қазақстанның ұлттық кітапханасындағы грек тіліндегі туындылардың тақырыптық каталогы». Афинада осылай аталатын жинақтың тұсауы кесілді. Еліміздің Грекиядағы елшілігінің қолдауымен жарыққа шыққан құнды еңбек - Эллада елінің жұртшылығы үшін тың жаңалық. Себебі каталогқа енгізілген кітаптардың басым бөлігі жайлы мәлімет тіпті, Грекияның ұлттық кітапханасында болмаған. Екі мың жылдық тарихты қамтитын грек тіліндегі кітаптар қазақтың Ұлттық кітапханасына қайдан келген? Нұрсұлу Қасым тарқатады.

Эллада жұрты үшін бүгін - ақ түйенің қарны жарылған қуанышты күн. Қазақтың ұлттық кітапханасы қорында гректің тарихы, мәдениеті мен әдебиетінен сыр шертетін құнды еңбектер сақталғанын естіп, бәрі аң-таң. 1815 жылы Парижде жарық көрген Ксенофонт шығармасы, 1819 жылы Санк-Петербургта шыққан қасиетті кітап өзге түгілі өздерінде болмаған. Еліміздің Грекиядағы елшілігі филолог-ғалым, жерлесіміз Елена Андрейченкомен бірігіп, Ұлттық кітапханадағы сол жауһарлардың тізімін жасап, көпшілікке ұсынды.

Елена Андрейченко, каталогтың авторы, филология ғылымдарының кандидаты:

- Мен Қазақстанның Ұлттық кітапханасында 6 ай бойы кітапхана қорындағы осы қазыналарды жарыққа шығару жолында жұмыс істедім. Ұлттық кітапхана расында сиқырға тұнып тұр. 1815-1835 жылдары француз, неміс баспаларында жарық көрген грек авторларының сирек басылымдарын қолыма алғандағы сезімімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Осынша кітап Орталық Азиядағы Қазақстанға қалай жеткен? Гректер таң қалып жатыр. Кітаптардың көбісі 1830-1990 жылдар аралығында сыйға тартылған. Сыйлаушы меценаттардың қолтаңбаларын осы каталогтан көруге болады.

Елена каталогтың грек-орыс тілдеріндегі нұсқасын әзірледі. Оны қазақшаға аударған - дипломат Абзал Иманқұлов. 10 тараудан тұратын жинақта мектеп оқулықтары, тіл, дін, жаратылыстану, Платон мен Аристотель жайлы жазылған грек тіліндегі туындылардың тізімі басылған. «Бұл - гректің ежелгі тарихын, әдебиеті мен тілін зерттеушілерге таптырмас дүние»-дейді ғалымдар.

Исмини Криари, «Пантеон» әлеуметтік және саяси ғылымдар мемлекеттік университетінің ректоры:

- Бұл туынды екі ел арасындағы мәдени мүмкіндіктердің әлеуеті зор екенін көрсетті. Осы кітап арқылы біз XIX ғасырда грек әдебиетіне, поэзиясына, өркениетіне қатты қызығушылық болғанын білдік. Бұл - Қазақстанмен екіжақты мәдени байланысымыздың тамыры терең, әрі өте мықты екенінің дәлелі.

Қазақ-грек қатынасының барлық сала бойынша қарқынды дамуына қос тарап та мүдделі. Еліміздің Грекиядағы елшісі Алексей Волков жиналғандарға елдің әлеуметтік, саяси-экономикалық ахуалы мен елдегі соңғы өзгерістер жайлы баяндады. Грекиялықтар біздегі билік сабақтастығына, Астананың Нұр-Сұлтан болып өзгеруіне жоғары баға беруде.

Федор Игнатиадис, сарапшы:

- Қазақстанның Тұңғыш Президенті даналық шешім қабылдап, өз халқының қамы үшін, билікті саясаткерлердің жаңа буынына берді. Н.Назарбаев ел экономикасын көтеріп, Қазақстанды әлемдік саясат аренасына шығарды. Мұндай тұлғаның есімі тарихта мәңгі қалғаны орынды. Жаңа Президент Тоқаев та - өте тәжірибелі дипломат. 4 тілді жетік меңгерген, кезінде БҰҰ бас хатшысының орынбасары болған мықты саясаткер. Сондықтан жаңа Президент Н.Назарбаевтың бастамаларын сәтті жалғастыратынына сенімдімін.

Өткенін мақтан тұтып, бүгінін бағалай білетін және болашаққа оң көзқарас танытатын қазақ елімен гректер әлі талай ортақ жоба жасаудан үмітті.

Нұрсұлу ҚАСЫМ

Хабарламаларға жазылу