Басты Жаңалықтар Астанада 2027 жылы УЕФА-ның 51-конгресі өтеді

Астанада 2027 жылы УЕФА-ның 51-конгресі өтеді

УЕФА-ның 51-конгресі келесі жылы наурызда Астанада болады. Бұл туралы Брюссельде өткен УЕФА-ның елуінші конгресінде Еуропа футбол қауымдастықтары Одағының басшылары жариялады. Мерейтой басқосуына Қазақстан футбол федерациясының Бас хатшысы Давид Лория қатысты. УЕФА Конгресі – ұйымның ең жоғары басқарушы органы. Жыл сайын өтетін басқосуда 55 ұлттық қауымдастықтың өкілі жиналып, Еуропадағы футболдың стратегиялық дамуын айқындайтын маңызды шешімдер түзіледі. 2027 жылы Астанада болатын 51-Конгресс сайлау форматында өтеді. Онда УЕФА Президенті мен Атқарушы комитеттің мүшелері сайланады. Осылайша, Қазақстанда алдағы жылдары Еуропа футболын дамытуға қатысты маңызды шешімдер қабылданады. Конгресті ұйымдастыру және өткізу УЕФА қаражаты есебінен жүзеге асады. Яғни, бұл жұмысқа мемлекеттік бюджеттен қаржы жұмсалмайды.

Давид Лория, Қазақстан Футбол федерациясының бас хатшысы:

УЕФА-ның 51-Конгресін Қазақстанда өткізу туралы шешім еліміз үшін маңызды оқиға. Әрі біздің Федерациямыздың халықаралық деңгейде танылуының айқын дәлелі. Былтыр Мемлекет басшысының шақыруымен УЕФА президенті Александр Чеферин Қазақстанға сапарлаған болатын. Сол кезде біздің елімізде миллионнан астам адам футболмен айналысатыны, бұл көрсеткіш өсіп келе жатқаны жарияланды. Еуропа футбол қауымдастығы ұлттық қауымдастықтардың тиімділігіне, тұрақтылығына,  ашықтығына жіті мән беретінін білеміз. Осындай ауқымды шараны өткізуді бізге сеніп тапсыруы-бізді мойындайтынын көрсетеді.
Бөлісу