Басты Жаңалықтар «Референдум-2026» онлайн-марафонына 100-ден астам сарапшы қатысты

«Референдум-2026» онлайн-марафонына 100-ден астам сарапшы қатысты

Бүгін Астанада жаңа Ата заң жобасын кеңінен талқылауға арналған «Референдум–2026» онлайн-марафоны өтті. Жаңа құжат  -  ашық әрі жан-жақты сараланды. Шара отандық телеарналар мен ірі интернет-порталдардың ресми сайттарында және әлеуметтік желідегі парақшалар арқылы тікелей эфирде көрсетілді. 

Бүгінгі онлайн марафонға 100-ге жуық сарапшы, заңгер, қоғам белсенділері мен мемлекет қайраткерлері қатысып, сөз сөйледі, пікІрлерін білдірді. Олар ең алдымен Жаңа конституция: өзгерістердің мәні ток-шоуына қатысып, сараптамалық дискуссияда жаңа Преамбуланы талқылады.

Қазбек Майгелдинов, саясаттанушы:

Мемлекет адам үшін, адам мемлекет үшін деген сұраққа нақты жауап берілді. Ол қалай? Біріншіден мемлекеттің нақты міндеттері анықталды. 4 міндеті анықталды. Біріншіден егемендік пен тәуелсіздікті қорғау. Одан кейін заң мен тәртіпті реттеу. Және халықтың әл-ауқатын арттыру. Бұл мемлекеттің тікелей міндеті ретінде үшінші бапта енгізіліп отыр.

Яғни, адам құқығы мен бостандығы – басты құндылық ретінде айқындалған. Адвокаттар мәртебесінің Ата заңда ескерілуі, «Миранда» қағидасының енгізілуі және өзге де нормалар – соның нақты көрінісі.

Айтуар Қошмамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Бұл әлемдік практика. Бұл америка Құрама Штаттарының, Еуро одақтың, Франция, Германия сияқты елдердің, адам құқықтарын ең жоғарғы құқық деп санайтын елдердің практикасы. Сондықтан бізге де бұны енгізу өте маңызды.

Парламенттен құрылтайға... Жаңа конституция жобасындағы маңызды ұсыныстардың бірі бір палаталы парламент институтына көшу. Депутаттар мен заңгерлер әлемдік тәжірибені саралап, негізгі артықшылықтарына тоқталды.

Серік Ақылбай, Заңгерлер одағының төрағасы, Конституциялық комиссияның мүшесі:

Бірпалаталы Парламент біріншіден заңдарды қарап, тиянақты қарап, жылдам қабылдауға мүмкіндік береді. Екіншіден ол қаржылық экономика да бар. Оны да ойлау керек.

Онлайн марафон барысында цифрлық өмірді қорғау, волонтерлік қызмет, Қазақстан халқы кеңесі, білім мен ғылым, экологиялық мәдениет, отбасы және неке мәселелері де кеңінен қозғалды. Әр азаматтың өміріне тікелей әсер ететін нормалардың Ата заңда көрініс табуы – азаматтық жауапкершілікті арттырып, қоғамның жаңғыруына серпін береді дейді мамандар.

Нұрлан Әуесбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Әке шеше өзі баласына қарап, асырап, тәрбиелеп, өсіруге міндетті. Бала ер жеткеннен кейін егер де әке шешесі өзін өзі асырай алмайтын жағдайда болса бала өзінің әке шешесіне қарауға міндетті.

Бүгінгі онлайн марафонды 50-ден астам ақпарат құралы ресми сайттарында тікелей көрсетті. Ұлттық арна әр сағаттың басында арнайы шығарылым ұйымдастырып, марафоннан ақпарат таратты. 

Бөлісу