Михаил Шайдоров – Олимпиада чемпионы
Тарихи жеңіс! Қазақстан Ұлттық құрамасы араға 32 жыл салып Қысқы Олимпиада ойындарында алтын жеңіп алды. Мәнерлеп сырғанаудан Михаил Шайдоров Италияда өтіп жатқан төртжылдықтың басты бәсекесінде чемпион атанды. Сонымен бірге, еркін бағдарлама мен қоссайыс бойынша жеке рекордын жаңартты. Күллі әлемге жарқын эмоция сыйлаған Михаилдің жеңісті жолына Асылбек Данияр шолу жасады.
Олимпиада басталысымен-ақ Михаил Шайдоровқа көпшіліктің назары ауды. Шетелдік басылымдар оның образын жарыса жазды. Костюмі Тимоти Шаламеннің «Дюнадағы» бейнесіне ұқсас тігілген еді. Михаил қысқа бағдарламада күрделі секіру элементтерін мінсіз орындап көпшілікті тәнті етті. Десе де төрешілер қазақстандық атлеттің өнерін 92,94 ұпайдан асырмады. Осылайша, аралық есепте бесінші орынға жайғасты.
Илья Малинин, Юма Кагияма, Адам Сиао Хим Фа - Мишаның еркін бағдарламадағы басты қарсыластары. Отандасымыз Олимпиада жүлдесі үшін үлкен тәуекелге барды. Әуелі төрт мәрте жопарланған төрттік секіруді, еркін бағдарламаға дайындық барысында 5 рет жасауға шешім қабылдады. Қазақстандық спортшы Димаш Құдайберген әуелете шырқаған Италия компоиторларының шығармасына көк айдында сүрінбей, желдіртіп өтті. 198,64 ұпай! Бұл – Мишаның еркін бағдарламада алған рекордық ұпайы. Қоссайыс бойынша 291.58 ұпайды олжалаған Шайдоров Олимпиада чемпионы атанды. Араға 32 жыл салып тағы да Қазақстанның Әнұраны шырқалды.
Михаил Шайдоров, Олимпиада чемпионы:
Шынымды айтса, әлі сене алар емеспін. Маусым бойы өз-өзіммен күресіп келдім, мен үшін өте қиын кезең болды. Үш жарыс қатарынан 5 рет төрттік секірісті жасауға тырыстым, бірақ бәрі сәтсіз болды. Осы Олимпиадаға 5 жыл дайындалдым, қолымнан келгеннің бәрін істедім. Соңына дейін үшінші орын алдым, деп ойладым. «Чемпион» деп айтқанда қатты таңдалдым. Аренаға келіп қолдаған жанкүйерлерім маған күш берді. Алғысым шексіз! Бұл медальді мені қолдаған қазақ жұртына арнаймын.
Бұл мәнерлеп сырғану тарихындағы Қазақстанның Олимпиададағы екінші медалі. 2014 жылы Сочи де Денис Тен қолаға қол жеткізді. Бұл – жас спортшылар үшін үлкен серпіліс болды. Михаил Шайдоров Денис Теннің спортшы ретінде қалыптасуына үлкен әсер еткенін атап өтті. Оны мына тарихи кадрлардан да байқауға болады.
Оксана Тен, Денис Теннің анасы:
Қуанышымда шек жоқ, сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Бәрі құттықтап жатыр, өзім де Мишаға хабарласып құттықтадым. Ол маған алғыс айтып, хабарлама жіберіпті. Мәнерлеп сырғанау спортына келуіне, спорттық мансабын бастауға Денистің себепкер болғанын жазды. Жалпы, Денистің мәнерлеп сырғанауға қосқан үлесі зор. Ол алғаш Олимпиада тұғырына шығып, медаль алған спортшы. Оған оңай болмады. Әрқашан әлемге Қазақстанның өкілі тұғырдан көрінуге, медаль алуға лайық екенін дәлелдеумен болды.
Михаил Шайдоров үшін маусым сәтті басталды. Денис Тен атындағы мемориал жарысында жеңімпаз болды. Артынша, Гран-при жарыстарында күміс пен қолаға қол жеткізді. Спорт комментаторы Лилана Әлжанова Мишаның жеңісі оңай келмегенін айтады.
Лилиана Әлжанова, Спорт комментаторы:
Михаил тап-таза бес төрттікті секіргеннен кейін кішкене қобалжыған болуы керек. Енді Малинин біледі ғой өзі Мишамен жарыстарда кездесіп жүр. Әлі де болса бірде бір рет бес рет төрт айналым секіруді орындамағанын біледі. Дәл Олимпиада мұзында айна қатесіз орындаған соң таңқалғанда шығар. Бұл да әсер етті деп ойлаймын. Сонымен қатар, Малинин командалық жарысқа қатысты екі жаттығуды сырғанады. Менің ойымша, Малининнің күші сонда кетіп қалды. Эмоциялық жағынан алтын алғаннан кейін өзін біршама босатқан сияқты. Олимпиада шыңын мықтылар ғана бағындырады.
Михаилді жылдар бойы сәйгүліктей жаратқан бапкері Алексей Урманов. Енді Шайдоров мемлекет тарапынан 250 мың доллар сыйақыға ие болмақ. Ең бастысы есімі Қазақстан тарихында алтын әріппен жазылмақ.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы