Басты Жаңалықтар Отбасының беріктігі – мемлекеттің тұтастығы

Отбасының беріктігі – мемлекеттің тұтастығы

Жаңа Конституция жобасында неке мен отбасы ең жоғары құндылықтар болып бекітілді. Енді мемлекеттік органда ресми тіркелген неке ғана заңды деп танылады. Ал отбасы ұғымы ер мен әйелдің ерікті түрде қосылған, тең құқықты одағы ретінде айқындалады. Ел тұрғындары бұл шешімді мың жылдық тарихы бар халқымыздың дәстүрлі құндылықтарын ең жоғары құқықтық деңгейде қорғау және отбасы тәрбиесін нығайту деп бағалады.

Әр мемлекеттің негізгі тірегі – отбасы. Яғни асқар тау әке, бесік тербеткен ана және әке мен шешенің ортасында тербеліп өскен бала. Жаңа Конституция жобасында бір норма арқылы ғана мемлекеттің негізгі ұстанымы нақты айқындалып отыр. Яғни, заңды неке, отбасы құндылықтарын нығайту және оны кеңінен дәріптеу.

Серік Елікбай, ғалым, жазушы:

Ең басты дүние – отбасын сақтап қалған мемлекет. Ол сол мемлекеттің ертеңінен үміт күтеді. Біздің қазақтың ұлыларын Абайды Құнанбайсыз елестету мүмкін емес. Сол секілді Мәшһүр Жүсіпті Көпейсіз елестету мүмкін емес. Әрқайсысының қазақ даласында, қазақтың рухында орны бар азаматтар. Әкесі биік жанның әкесінің айтатын арлы сөзін, арманды сөзін айтатыны анық. Отбасын сақтау – бұл біздің басты міндетіміз.

Отбасында берілген тәрбие – ол Отанға адал болу деген сөз, дейді ардагер ұстаз Шәрбат Жұмаділова. Ол қазір зейнетте, бірақ қала мектептерінде оқушыларға отбасы құндылықтары жайлы қосымша сабақ береді. Табыс үшін емес, ұрпақ тәрбиесіне алаңдаған соң.

Шәрбат Жұмаділова, ардагер ұстаз:

Жанұя – шағын мемлекет деген бар. Осы сөзде үлкен дүние тұр. Шағын мемлекет қалай? Кейде бір қазақтың отбасын көресің, оншақты баласын тәрбиелеп, жан-жақты, малды, басты болып, алқып-шалқып отырады. Сол кезде соған «мынау бір қазақ елі ғой» деп қарайсың. Бұл – кішкентай Отан. Егер әрқайсымыз сондай бір кішкентай Отанды дайындайтын болсақ, онда біздің Отанның беріктігі, нығаюы бізге байланысты екендігі әбден белгілі. Біздің отбасының өнімі – біздің балалар.

Заңгерлер ғана емес, құқықтанушылар, азаматтық сектор өкілдері, сарапшылар жаңа Ата заң жобасы отбасы институтын нығайтуға және қоғамдық жауапкершілікті арттыруға бағытталғанын айтады. Бұл дер кезінде қолға алынған өзгеріс деп санайды.

Данияр Жұмәділов, қоғамдық ұйым жетекшісі:

Қазіргі жаһандану заманында, әлеуметтік желілер дамыған кезеңде, Батыстың менталитеті еніп жатқан уақытта, некеге қазақтың құнды дүниесі ретінде мән беріліп жатқаны – Конституциядағы ерекше атап өтетін дүниелердің бірі деп ойлаймын.

Отбасының беріктігі – мемлекеттің тұтастығы. Конституцияның жаңа жобасына неке туралы норманың енгізілуі – отбасы институтының мызғымас беріктігінің кепілі болмақ.



Бөлісу