Жаңа Конституция жобасы бойынша бір палаталы Парламент жасақталады. Ол Құрылтай деп аталады. Заң шығарушы органда 145 мандат болып, депутаттар пропорционалды жүйемен бес жылға сайланады. Бұл жүйе партиялардың кадрлық саясатын дамытуына ықпал етіп, қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырады. Жаңа парламентте төрағаның үш орынбасары болады, комитет саны сегізден аспайды. Құрылтай төрағасы депутаттардың жасырын дауыс беруі арқылы сайланады.
Нұрлан Бекназаров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Конституциялық комиссия мүшесі:
ҚР азаматтығы бар, оның аумағында соңғы 10 жыл тұрақты түрде тұрып жатқан, 25 жасқа толған азамат Құрылтай депутаты бола алуы ұсынылып отыр. Құрылтайды мемлекеттік тілді еркін меңгерген депутаттар арасынан Құрылтай депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен жасырын дауыс беру арқылы сайланған төраға басқарады. Құрылтай төрағасы лауазымына кандидатураны ҚР Президенті ұсынады.
Жаңа Конституция жобасына сәйкес Халық кеңесі де құрылады. Бұл орган Қазақстан халқының мүдделерін білдіретін жоғары деңгейдегі консультативтік орган болып саналады. Халық кеңесінің құрамына еліміздегі әртүрлі этностардың 42 өкілі, қоғамдық бірлестіктердің 42 өкілі және өңірлердегі мәслихаттардың 42 өкілі кіреді. Мұндай құрам аймақтардағы жағдайды ескеруге мүмкіндік береді.
Жаңа редакция бойынша Халық кеңесінің өкілеттіктері Конституцияның 71-бабында көрсетілген. Кеңес мемлекеттің ішкі саясатының негізгі бағыттары бойынша ұсыныстар береді, қоғамдық келісімді және жалпыұлттық бірлікті нығайтуға атсалысады, Қазақстанның негізгі құндылықтарын насихаттайды. Сонымен қатар, Құрылтайға заң жобаларын ұсынуға және республикалық референдум өткізу бастамасын көтеруге құқылы. Халық кеңесінің барлық мүшесін Президент тағайындайды. Ал төрағасын кеңес мүшелері сайлайды. Кеңес төрағасының қоғамдық негізде жұмыс істеп, ротация арқылы тағайындалатын екі орынбасары, сондай-ақ хатшылық меңгерушісі болады.