Басты Жаңалықтар Жалпыұлттық коалицияның аймақтарда штабтары ашылды

Жалпыұлттық коалицияның аймақтарда штабтары ашылды

Елімізде бүгіннен бастап «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» өңірлік коалициясы өз жұмысын бастады. Аймақтарда ашылған штабтардың құрамына партия өкілдері мен кәсіби заңгерлер, мәслихат депутаттары, ғылыми орта және шығармашылық адамдары мен сарапшылар тартылған. Олар қала мен ауыл аймақтарда халықтық конституцияның жобасын түсіндіреді.

«Жаңа Конституция – жобасы болашағымызға бағдар беріп, заң мен тәртіптің күшіне енуіне ықпал ететін маңызды құжат» дейді коалиция мүшелері. Батыс Қазақстан облыстық коалициясы құрамында белсенді партия өкілдері, қоғамдық пікір көшбасшылары, мәслихат депутаттары мен жас белсенділер бар. Өңір аумағында 700-ден аса ауқымды іс-шаралар жоспарланған.

Мұрат Мұқаев, облыстық коалиция төрағасы:

Бұл штабтың негізгі мақсаты – жаңа Конституцияны елге кеңінен таныту. Біздің облыстағы барлық жектекші партиялар мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысты. Өздерінің қолдауларын білдірді. Ендігі таңда 1 айға жуық штабтың жұмысын жүзеге асырамыз.

Ал Жамбыл облысында 53 адамнан тұратын коалиция мүшелері аймақ бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізеді. Референдум қарсаңында тұрғындармен, еңбек ұжымдарымен  кездеседі. Бұл бағытта «Amanat» партиясының жанынан 318 адамнан тұратын 12 штаб құрылды.

Айнұр Келімбетова, Respublica партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы:

Қазіргі таңда барлық 5 саяси партия бірігіп, жаңа коалиция құрылып, референдумға өз үлестерін қосу бойынша жұмыс істейміз. Біз біріксек, алынбайтын асу, қамал болмайды. Біздің бағындыратын белестеріміз болмайды. Сондықтан біз бірге жұмыс істеуге әрқашан да дайынбыз.

Қостанайда құрылған коалиция құрамына 54 адам енді. Олар алдағы референдумға азаматтардың белсене қатысуы үшін ауыл-аймақты аралап, халықпен кездеспек.

Кенжеш Аманова, өңірлік коалиция мүшесі:

Құрамында бірнеше мыңдаған еңбек адамдарының көзқарастары мен құқықтарын қорғайтын қоғамдық ұйымдар мен кәсіподақ өкілдері, адвокаттар мен заңгерлер бар. Ондағы басты мақсат - еліміздегі, өңірдегі бірқатар ауыл-аймақтарда, еңбек ұжымдарында осы жаңа Коституцияның жобасын жалпылама түсіндіру.

Ертіс-Баян өңірінде бес саяси партия бірігіп коалиция құрды. Мақсат - Халықтық Конституция жобасын түсіндіру. Облыстық штаб құрамында зиялы қауым, қоғамдық ұйымдар жеке кәсіпкерлер мен ірі өндірістік кәсіпорын басшылары бар. 

Асылбек Туғанбай, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы:

Біздің өңірлік штабқа да Ауыл, Республика, ҚХП, Ақжол партиясының, кәсіподақтың және кәсіпкерлер, басқа да өңірімізге белгілі белсенді азаматтар осы штабқа келіп кірді. Штаб референдумға байланысты халықтың арасында жаңа конституциялық реформаның кірген өзгешеліктерін түсіндіру жұмыстарымен айналысады. Және қалаларда, аудандарда коалиция құрылады.

Қызылордада өңірлік коалиция мүшелері түрлі еңбек ұжымдарымен кездеседі. Алдағы күндерге нақты жоспар бекітілді.


Бөлісу