Басты Жаңалықтар Шымкенттегі мектептерде енді балалардың қауіпсіздігін жасанды интеллект бақылайды

Шымкенттегі мектептерде енді балалардың қауіпсіздігін жасанды интеллект бақылайды

Шымкенттегі мектептерде енді балалардың қауіпсіздігін жасанды интеллект бақылайды. Жүйе төбелес, агрессия немесе жанжал туған жағдайда полицияға бірден дабыл жібереді. Цифрлық жоба қазірдің өзінде білім саласындағы біраз былықтың бетін ашып берді. Тақырыпты аймақтағы әріптесім тарқатып айтады.
Осындай дабыл белгісі оперативті басқару орталығындағы серверге бірден барып түседі. Жүйе Ұлттық қауіпсіздік комитеті тарапынан сертификатталған, байланыс каналы жабық. Ақпаратты ешкім жасырып, жаба алмайды. Өңделмейді.
Қуаныш Ысқақов, Шымкент қаласы Білім басқармасының басшысы:
Суық қару дейді, оны көреді. Іздеуде жүрген азаматтардың базасы интеграцияланған, іздеуде жүргендер кіретін болса, оларды фиксация жасап, орталыққа жібереді. Жаңадан қойылған 10 мың 400 камера біріктіріліп, 15 мыңнан аса камера орталыққа қосылған.
Жаңа жүйе сондай-ақ оқушылардың мінез-құлқына да өз бетінше талдау жүргізеді. Шәкірттердің білім сапасын арттыруға да сеп болады. Әрбір сыныпқа орнатылған камералар ортақ жүйеге интеграцияланған. Ал оқушылардың сабаққа қатысуын және мұғалімнің жұмысын әдістемелік орталық мамандары бақылайды.
Айнұр Абдулхаева, педагог:
Алғашында үркіп қарағанымыз рас. Бірақ бізде сауал туындады. Неге білімді, білікті мұғалім, камераның бақылауынан қорқуы керек? Камерасыз да оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беріп келдік. Мен үшін камера қысым да, бақылау да емес.
Мектеп асханалары да цифрлық жүйеге қосылды. Тегін тамақ алу үшін оқушы алақанын сканерлейді – бұл жалған есепке жол бермей, нақты берілген тамақ санын көрсетеді. Жоба іске қосылған алғашқы төрт айда шамамен 600 миллион теңге үнемделді. Сандық жүйе қазына қаржысын жіті қадағалумен бірге білім ұяларындағы біраз былықтың да бетін ашып берді. Цифрлық аудит кезінде мектеп қызметкерлерінің арасында «өлі жандардың» бары анықталған.
Сәрсен Құранбек, қала әкімінің орынбасары:
Адам бұрын жұмысқа қабылданды деп, соған айлық төлейтін. Ол адам мектепке келмеген болса, скуд жүйеден өтпеген болса, видеокамераға түспеген болса, оған қалай ақша төлейді? Әрине жүрек жұтқан директорлар әлі де бар. Біз оны арнайы құқық қорғау органдарына жолдап отырмыз.
Жаңа цифрлық жобалар әкімдікке экономикалық тиімділікті бағалауға мүмкіндік берді. Мамандардың айтуынша, жаңа жүйе білім саласын ашық әрі басқаруды жеңілдетті. Білім беру саласына сандық жүйені енгізу үшін шамамен алты миллиард теңге қаржы жұмсалды.

Бөлісу