Қыстың күні жолда қалғанда не істеу керек?
Биыл қыста Қостанай облысында 150-ден аса дауылды ескерту жарияланып, республикалық және өңірлік маңызы бар бірнеше бағыттағы жолдар жабылды. Бұл ең алдымен адамдардың амандығы мен қауіпсіздігі үшін атқарылатын шара. Ал арқаның ақтүтек бораны мен аязында көлік жүргізушілері қалай қамданады?
Қаңтардың да көп күні аязбен өтті. Көктайғақтан жолдар көк мұзға айналып, елді мекендер арасындағы қозғалыс шектелді. Жалпы, биыл қолайсыз ауа райына байланысты өңірдегі жолдар 80 рет жабылған. Сондықтан жүргізушілер әсіресе қыстыгүні барынша сақ болуға тырысамыз дейді.
Алайда қойылған шектеуді елемей, заң бұзатындар да бар. Ол үшін 30 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған. Мамандар қыста дайындықсыз алыс сапарға шығу – үлкен қауіп екенін ескертеді.
Мәдина Нағашыбай, тілші:
Қақаған қыс. Үскірік аяз. Сүйектен өтеді. Маңайда қыбырлаған тірі жан жоқ. Осындайда көлігіңіз бұзылып, жолда қалсаңыз, жағдай тіпті қиын. Сондықтан алыс жолға шықпас бұрын міндетті түрде көліктің техникалық жағдайын әбден тексіріп алу керек. Бұдан бөлек мұндайда қосымша жылы киім, оттық, күрек сынды заттарды алып жүру – артық жүк емес, аман қалудың амалы.
Айдос Ахметов, Қостанай облысының ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы:
112-ге хабарласу керек. Құтқарушылар келгенше біраз уақыт алуы мүмкін. Сондай жағдайда, біріншіден, адам өзін жылы ұстауы керек. Егер көлік, мысалы, сынып қалса, көліктің ішіне шам жағып қоюға болады. Ол да біршама жылу береді. Жел болса, радиаторды ыққа қою керек. Қуаттағыш болуы керек, себебі телефон отырып қалуы мүмкін. Жанар-жағармай болуы керек артығымен.
Ал боран кезінде көлікте балалар, әйелдер және қарт адамдар болса, олардың сыртқа шықпағаны дұрыс. Құтқарушылар биыл қар құрсауында қалған 68 адамға дер кезінде көмек көрсетті, олардың 10-ға жуығы - балалар. Кейін жолаушылар уақытша жылыту пункттеріне орналастырылады.
Диас Ертай, Қостанай ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері:
Ауа райының күрт өзгеруіне байланысты жолда тұрып қалған жолаушылар қиын жағдайға тап болған кезде біз осындай жылыту орындарына алып келеміз. Біздің Қостанай облысы бойынша 258 жылыту пунктері бар. Бұл жерде 20 адам сыйымдылығы бар. Жататын жер, жылыту, тамақ ішу және т.б. мүмкіндіктер қарастырылған.
Сондай-ақ
көлік жүргізушілері жол жағдайын «ҚазАвтоЖол» сайтынан бақылап, біліп отыра
алады. Мұнда еліміздегі негізгі трассалар тәулік бойы онлайн режимде көрсетіледі.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы