Басты Жаңалықтар Ақтөбе облысында жол қауіпсіздігін бақылау күшейтілді

Ақтөбе облысында жол қауіпсіздігін бақылау күшейтілді

Ақтөбе облысында жыл басталғалы жүзден аса жол апаты болып, 168 жолаушы жарақат алған. Өкініштісі, 7 адам қаза тапты. Соңғы тәуліктердегі қолайсыз ауа райы жағдайды одан әрі қиындатып жіберді. Ақтөбе – Астрахань, Ақтөбе – Орск тасжолдарында бір күнде оннан аса көлік соқтығысып, төрт жолаушы жан тапсырды. Сондықтан патрульдік полиция қызметкерлері жұмысты күшейтті.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Қазір біз Ақтөбе мен Хромтау қалаларының ортасында тұрмыз. Бұл – Қазақстандағы жүктемесі ең көп жолдардың бірі. Апат та жиі болады. Сондықтан жол сақшылары қауіпсіздікті  күні-түні бақылайды.

Бұл бір күн бұрын ғана Мұғалжар ауданында болған жағдай. Ақкемер ауылының маңында бір мезетте он көлік соқтығысты. Қарлы боранның кесірінен соңғы келе жатқандары алдында тұрған өзге көліктерді көрмей қалған. Бұл жерде үш адам жарақат алды. Ал Қарғалы ауданында болған жол апатынан үш жолаушы мен жүргізуші көз жұмды. Өңірдегі ең қауіпті жолдың бірі Ақтөбе – Хромтау бағыты.

Нұрболат Ташанов, жүргізуші:

Бораннан ол. Бір машина тұрып қалса, екіншісі артынан келеді, көрмейді. Боран күні жауып тастаған дұрыс трассаны. Төрт жол болса, проблема жоқ, жүре беруге болады.

Полиция департаменті қайғылы жағдай қайталанбауы үшін республикалық маңыздағы жолдарға шығып, жүргізушілерге түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Әсіресе «Самара-Шымкент» халықаралық көлік дәлізіне ерекше назар аударылып отыр. Бұл жолмен транзиттік көліктер көп өтеді. Жол сақшылары әсіресе алыс сапарға шығатын жолаушылар автобустарында қауіпсіздік талаптары сақталмайтынын айтады.

Ардана Саймағамбетов, облыстық ПД бастығының орынбасары:

Қызылорда бағытындағы бұл үшінші категориядағы жол. Алайда бұл жерден үш мың автокөлік өтудің орнына қазір 12-16 мың автокөлік өтеді. Республикалық маңызы бар жолдарда 29 жол көлік оқиғасы тіркелді. Онда 62 адам әртүрлі дене жарақатын алды, 6 адам қаза тауып отыр.

Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысының өзі Қызылорда мен Ақтөбе аралығындағы жолдың қауіптілігін атап өтіп, оны төрт жолақты қылуға тапсырма бергенін айтқан еді. Бұл жол салынғанша, патрульдік полиция қызметкерлері қауіпсіздікке барынша көңіл бөлеміз дейді. Бұған дейін  республикалық жолдарға он жасақ шығырылса, енді ол 25-ке дейін көбейтілді.


Бөлісу