Қыс әлегі: Жамбыл облысында бірнеше бағыттағы жол жабылды
Жамбыл облысында жаңбырдың арты қалың қарға ұласып, республикалық бірнеше бағыттағы жол жабылды. Тараз бен Шымкент арасында ауыр жүк көліктерінің қатынауына шектеу қойылды.
Тек жеңіл көліктерге рұқсат бар. Ал Тараз бен Алматы бағыты бойынша барлық көлік түрлері үшін жол жабық. Өйткені Қордай асуында қарлы боран, көктайғақ. Салдарынан облыс аумағында мыңнан аса көлік кептеліп тұр. Қазір полицейлер көліктерді жол жиегіне қою тәртібін күшейтіп, жолаушыларды жылыту орындарына бағыттап жатыр.
Асхат Қалмаханов, облыстық Полиция департаменті патрульдік полиция батальонының взвод командирі:
Ағымдағы жылдың 11, 12 және 13-і күні аралығында «ҚазГидроМедтің» ескертуі бойынша ауа райының күрт өзгеруіне қарай қалың қар түсуде. Құрметті жүргізушілер аса қажеттілік болмаған жағдайда алыс жолға шықпауларыңызды, жол ережелерін қатаң сақтап, жылдамдықты асырмауларыңызды сұраймыз.
Полицияның бақылауымен мыңнан астам көлік жолға шықты
Ал аймаққа көрші Арқа өңірінде тәртіп сақшыларының бақылауымен мыңнан аса автокөлік жолға шықты. Қарағандыдан Балқашқа 650-ге жуық көлік, ал Балқаштан Қарағандыға қарай 470 автокөлік бірге қозғалды. Айта кетейік, облыс бойынша республикалық маңызы бар 4 жол жабық.