Түркістан облысында көктемгі дала жұмыстарына 36,8 млрд теңге бөлінді
Шаруаларды мемлекеттік қолдау жүйесі барынша ашық болуы керек. Қазір бұл жүйенің көлеңкелі тұстары көп деген Президент бүгін Үкіметке жыл соңына дейін ақпараттық жүйені реттеуді тапсырды. Бұл қадам субсидиялау үдерісін цифрландыруға мүмкіндік береді. Ал Түркістан облысындағы шаруаларға биылғы дала жұмыстары үшін 37 млрд теңге қаржы бөлінген. Бірақ Жетісай ауданының шаруалары көктемгі егіске әлі кірісе алмай отыр. Себебі диқандарға мемлекеттен берілетін жеңілдетілген несие әлі берілмеген. Өткен жылдың соңында қаржы сұрап құжат өткізгендер әлі ақша алмадық дейді. Тараптардың пікірін тілшіміз Айнұр Әбілқасымқызы тыңдады.
Ерте пісетін дақылдың көшетін отырғызып, ендігі маңдай терін сүртіп отыруы тиіс жетісайлық шаруалар қазір қаржы ұйымдарын күзетіп жүр. Шаруалардың кейбірі өткен жылдың желтоқсанында құжат өткізген. Межелі мерзім өтті, бірақ алған ақшамыз жоқ дейді олар.
Әбдімүтәліп Оразбаев, шаруа:
Ертерек халыққа берсе. Осы халық уақытылы амафос беріп, осы халық диқаншылықтан жақсы өнім алса деген ниетпен жүрміз. Ал зауыттардан алсақ, бізге центнер қояды. Оның үстіне олардың проценті ауыр. Бізге өте тиімсіз.Мемлекет тарапынан берілетін төмен пайызға қолдары жетпей көшет егу науқаны өтіп бара жатқан соң, кейбір шаруалар үстеме пайызы жоғары болса да қарызға ақша алған. Бірақ шаруалар қолдау үшін берілетін қаражаттың жыл сайын кешігетініне налиды.
Абдулла Мейірбеков, шаруа:
Үкіметтің жәрдемақысын алсақ, біз сол зауыттарға тәуелді болмас едік. Сол ақшаны алып, жұмыстарымызды жүргізіп, шаруалар өз кәсібін дөңгелетер еді. Бізге сол үшін ерте берілуі керек ақша. Бізге мамырдағы, маусымдағы ақшаның қажеті аз болып қалады. Негізсіз мақсатқа пайдаланады ол кезде.Биыл Жетісай ауданында мемлекеттен төмен пайызбен берілетін қаржыны алу үшін 150-ге жуық шаруа өтініш берген. Осы уақытқа дейін соның он пайыздайына ғана қаржы берілген.
Сабыржан Жақыпов, микроқаржы ұйымының үйлестірушісі:
Бізде қазір «Ырыстан» 450 млн-дай мақұлдау алып қойды. Шамамен 95 шаруадай. Тағы бізде 40-50 адамдай кезекте тұр. Ертең түссе береміз.Ал облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары қаражаттың дер кезінде берілмеуіне шаруалардың қарызы себеп болуы мүмкін екенін айтады. Өйткені диқандар былтырғы жеңілдетілген несиені толық қайтармаған. Ал қарызы жоқтарға несие кедергісіз беріледі деп сендірді. Яғни осы жылы көктемгі дала жұмыстарына
36,8 млрд теңге несие қаражаты қарастырылған.
Мадияр Мамытов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
Оның 7,2 млрд теңгесі 313 жобаға бүгінгі күнде таратылып берілді. Ниет білдірген қаражат аламын деп жоспарлап жатқан шаруа қожалықтары «Аграрлық несие корпорациясы» Түркістан филиалы арқылы сол филиалдарға жүгінсе, қаражатты алады.Өңірде қазір көктемгі дала жұмыстары басталып кетті. Бүгінгі күнге дейін 356 мың жер жыртылып, сор шаю жұмыстары 15 пайызға атқарылған. Сонымен қатар мың гектардан астам жерге ерте пісетін көкөніс дақылдары егілді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы