Басты Жаңалықтар Тараздың 20 жыл жарыққа жарымаған аудандарына электр желісі тартылды

Тараздың 20 жыл жарыққа жарымаған аудандарына электр желісі тартылды

Таразда жел тұра қалса, май шаммен отыратын тұрғындардың мәселесі шешілді. 20 жылға жуық жарығы жанбай, қуат көзінен қағылып келген тұрғын алаптар инфрақұрылыммен қамтыла бастады. Қала құрамындағы Көлтоған, Шөлдала, Айша бибі және Құмшағалды электр қуатымен жабдықтауға 8 млрд теңге бөлінді. Данияр Әлімқұл шарасыздан шам жағып келген тұрғындар қуанышын бөлісіп қайтты. 

Данияр Әлімқұл, тілші:
Мен тұрған мына «Шөлдала» шағын ауданы 16 жыл бұрын қала құрамына қосылды. Оған дейін Жамбыл ауданына қарап, елді мекен тұрғындары электр қуатын көрші жатқан кәсіпорындардан амалдап алып келді. Бірақ шаһар шетіндегі тұрғындарға үп еткен самал үрей туғызатын. Өйткені жел тұрса тартылған тоқ сымдары үзіліп, жұрт қуат көзінен қағылатын.
Кейін қала желісіне тікелей қосылғанымен де оң шешімін таппады.  Тозған тоқ сымдары тұрмыстық техниканы күйдіретін. Электр шамдары болар-болмас сығырайып, көшелерді жарықтандыруға жетпейтін. Енді 3 жыл бұрын жасалған жоба өз жемісін беріп, жоғары вольтты желілер мен қосалқы станциялар салынды.
Бақытжан Ергешбаев, Тараз тұрғыны:
Светсіз де отырдық майшаммен отырдық, Президентіміздің саясатының арқасында осылай ауылымызға көмектесіп, жарықтарымызды жаңалап беріп жатқанына рақмет.
Мұрат Хасенов, Тараз тұрғыны:
Осы жобаның біткеніне қуанып жатыр ауылдың тұрғындары. Үлкен-кішісіне дейін. Осы көктемде қосылса жүдә жақсы болар еді. Көшенің жарығы қосылып. Кешке жақын балалар мектептен қайтқанда тас қараңғыда қайтады. Ит бар, басқасы бар, шұңқыры бар, арығы бар түсіп кетеді. 
Осылайша 8 млрд теңгеге 3 станция салынып, ескірген екеуі қайта жаңғырды. Сөйтіп 25 мың тұрғын қуат көзімен қамтылды.
Абзал Наржанов, қала әкімдігі құрылыс бөлімінің бас маманы:
2024 жылы 2 млрд теңгесі бөлінді. 2025 жылы қалған 4 млрд теңгесі бөлінді. Енді 2026 жылы 223 млн теңге қаражат қарастырылған. Ол қаражатты осы наурыз айында игереміз деп жоспарлап отырмыз және жұмысты толық аяқтаймыз.
Биыл көше жарығына көңіл бөлінбек. Ал алқаптарда ауыз су бар, газ кірген. Бұқара енді жоғары жылдамдықты интернет желісін жүргізіп, шағалды жолға асфальт төсеп беруді сұрайды.


Бөлісу