Басты Жаңалықтар Ақтөбеде жаңа театр салынып жатыр

Ақтөбеде жаңа театр салынып жатыр

Ұлттық Құрылтайда Мемлекет басшысы стратегиялық бағдарламаның бірі – мәдениет пен өнер екенін атап өтіп, еліміздің бірнеше өңірінде театрлар салынатынын айтқан еді. Жаңа мәдени ошақтың бірі Ақтөбеде қаласынан бой көтереді. Қазірдің өзінде ғимараттың іргетасын құю жұмыстары аяқталуға жақын. Нысанның ашылуын көрермендермен бірге театр әртістері де асыға күтіп жүр.

Бұл – Тахауи Ахтанов атындағы драма театрдың әртістері. Қазір мұнда қазақ және орыс тілдерінде екі труппа жұмыс істейді. Олар залды кезекпен пайдаланатындықтан дайындық жұмыстарына уақыт жетпей жатады. Сондықтан кейбір қойылымдарды кейінге ысыруға тура келеді.

Аслан Төлентай, театр әртісі:

Көрермен өте көп. Премьераларда, әсіресе, аншлаг болатын кездер де болады. Енді бізге керегі жаңа театр. Мына театрымыз 350-360 орынға есептелген.Жаңа театрда 700 болады деп естіп жатырмыз. Ол әрине, біз үшін – актерлер үшін, көрермен үшін де қуанышты жаңалық.

Бұл нысан сексен жыл бұрын салынған. Қала халқының саны өсіп, көрермен көбейгеннен кейін жаңа ғимараттың қажеттілігі туындады. Сондықтан Ақтөбеге жасаған сапарында Мемлекет басшысы жаңа театр салуға тапсырма берген еді. Құрылыс жұмыстары былтыр басталды.

Аслан Жарасбаев, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:

Жұмыс кестесіне сай құрылыс жұмыстары жүруде. Енді жаздыкүні өздеріңіз де көріп, байқап қаласыздар, ғимараттың қаңқасын салып, жұмыс кестесіне сай бітіретін боламыз.

Жаңа нысан «Алтын орда» ауданынан бой көтеріп жатыр. Мұнда екі үлкен зал, жарық әрі кең гримм бөлмелері болады. Театр әлемдік стандарттарға сай техникалық жабдықтармен қамтылады. Жанына тұрғындардың серуендеуіне және дем алуына ыңғайлы үлкен саябақ салу жоспарланған.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Қазір құрылыс басында 70 адам жұмыс істеп жатыр. Нысан алдағы екі жыл ішінде пайдалануға берілуі тиіс. Бұл аумақтан театрдан өзге де мәдени және әлеуметтік нысандар бой көтереді.


Бөлісу