Басты Жаңалықтар «Бейнеу-Сексеуіл» автожолын салу үшін жобалық құжат әзірленуде

«Бейнеу-Сексеуіл» автожолын салу үшін жобалық құжат әзірленуде

«Бейнеу-Сексеуіл» автожолы еліміздің транзиттік әлеуетін арттыратын маңызды жоба. Ұлттық құрылтайда Президент батыс пен оңтүстікті жалғайтын күрежолдың құрылысын Үкіметке тездетіп бастауды тапсырды. Көлік логистикасы үшін ауқымды жобаның жүзеге асуын әсіресе Арал жұрты асыға күтіп отыр.
Өмірсерік Жанұзақ - саналы ғұмырын жол-көлік саласына арнаған еңбек ардагері. Ол «Бейнеу-Сексеуіл» автожолын салу туралы ұсынысты осыдан 20 жыл бұрын көтеріпті. Өйткені бұл оңтүстік өңірлер үшін Маңғыстау облысына баратын ең төте жол болмақ. Яғни ауқымды жоба жүзеге асса қазіргі айналма трассадан 900 шақырымға дейін жол қысқарады.
Өмірсерік Жанұзақ, ауыл тұрғыны:

Сексеуіл торабы бұл логистикалық орталықтың маңызды буыны болып есептеледі. Президент қолға алды, енді тапсырма беріп жатыр. Болашақ бұлардың барлығы елге үлкен пайдасы тиеді, халыққа көмегі тиеді. Сондықтан керек жол.
Оның үстіне Арал ауданында осы кезге дейін асфальт жол түспеген бірнеше ауыл бар. Батысқа қарай жаңа жол салынса теңіз беткейде қоныс тепкен жұрт жол азабынан құтылар еді.
Бейнеу-Сексеуіл аралығында 6 елді мекен бар. Шалғайдағы ауыл халқы осы аралықты қара жолмен қатынайды. Көріп тұрғандарыңыздай көліктер жиі батып қалып, жүргізушілер осындай қиындықтарға тап болады.
Қара жол қанша қауіпті болса да, тұрғындар жылдар бойы аудан орталығына осы бағытпен қатынауға мәжбүр. Сондықтан Ұлттық құрылтайда Президенттің «Бейнеу-Сексеуіл» автожолын салу туралы бастамасына аралдықтар үміт артып отыр.
Абат Жанысов, ауыл тұрғыны:
Көктемде сол кездері жол қатынасы қиын болып, үзіліп тоқтап тұратын кездер болады. Ел асыға күтіп отырған жобалардың бірі бұл. Қаншама жыл осы асфальтты армандап келе жатқан адамдар да бар. Елді мекендердің барлығы.
Сала мамандары бүгінде ауқымды жоба бойынша зерттеу-зерделеу жұмыстарын аяқтаған. Белгілісі бұл екінші санаттағы автожол болады. Қазір 500 шақырымнан астам жолдың жоба-сметалық құжаты әзірленіп жатыр.
Ерсайын Мұзафар, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары:
«Бейнеу-Бозой-Сексеуіл» автожолының техникалық-экномикалық негіздемесі бойынша мемлекеттік сараптамадан өтіп оң қорытындысын алды. Қызылорда облысы бойынша 189 шақырым белгіленді. Иинженерлік құрылымдар, бірнеше көпір, ауылдық округтеріне кірме жолдар қарастырылатын болады.
«Бейнеу-Сексеуіл» автожолы келешекте Ақтау мен Құрық порттарына тікелей транзиттік жол ашып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін бермек.

Бөлісу