Наурыз мерекесі Люксембургта тойланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Наурыз мерекесі Люксембургта тойланды

28.03.2019

Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі Люксембургта тойланды. Ұлы Герцоктіктегі мәдени шараны еліміздің Люксембургтағы елшілігі мен Қазақстанның осы мемлекеттегі құрметті консулы ERG компаниясының қолдауымен ұйымдастырды. Торқалы тойға А.Жұбанов атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі мен «Аққу» би ансамблі қатысып, мерекелік концерт қойды.

Нұрсұлу Қасым, тілші:

Люксембург әлемдегі ең ауқатты, ең кішкентай мемлекеттердің бірі. Алақандай елде 600 мың халық тұрады. Ел астанасы-Люксембург қаласы ЮНЕСКО-ның «Мәдени мұра» тізіміне енген. Германия, Бельгия, Франциямен шекаралас елдің халқы осы уақытқа дейін талай мәдени шараның куәсі болған. Бірақ, қазақстандық ұлт аспаптар оркестрі ұжымының өнерін алғаш тамашалауы.

Ақтөбе облыстық филармониясы жанындағы  ұлт аспаптар оркестрінің құрылғанына биыл-16 жыл. Кәсіби музыканттардан жасақталған өнер ұжымы  талғамы биік көрерменнің көңілінен шығу үшін тыңғылықты дайындалыпты.

Елубай Кенжалиев, Ғ.Жұбанова атындағы ақтөбе облыстық филармониясының директоры:

Біздің өнеріміз басқа ұлтқа ұқсамайды. Соның ішінде күй өнерінің өзі 4 мектепке бөлінеді. Әндері де сол секілді. Сол себептен де осы өнерімізбен мақтанамыз. Сол мақтану үшін шетелге біздер келіп, сахнаға өнерімізді көрсетіп отырмыз. Осы сапарға баруға ықпал еткен Ақтөбе облысының басшылығына және Бельгия мемлекетіндегі елшіге үлкен алғысымызды білдіреміз.

«Өзге елдің сахнасында өнер көрсету үлкен-жауапкершілік»-деген өнерпаздар көпшілікке алдымен қазақтың күй өнерінің құдіретін сезіндірді. Н.Тілендиевтің «Ата толғауын», Құрманғазының «Адайы» мен Дәулеткерейдің «Көрұғлысын» күмбірлетті. Сондай-ақ, музыканттар әлемдік деңгейдегі классикалық жауһарларды ұлттық аспаптармен шебер орындап, көрерменнің таңдайын қақтырды.

Ақтөбенің жезтаңдай әншілерінің өнеріне де көпшілік сүйсінді. «Аққу»би ансамблінің қыздары мың бұрала билеп, «Қоштасу» шығармасы арқылы шетелдіктерге қазақтың «қыз ұзату»салтын таныстырды. Сырға толы музыка, ұлттық киімдердің көркі көпшілікті тәнті етті.

Бенедикт Соботка, ҚР Люксембургтегі құрметті консулы, erg-дың бас атқарушы директоры:

Қазақтың музыкасы, биі мен әні бәрімізге қатты ұнады. Алтыннан жасалған бұйымдар, қолөнері, жалпы, қазақтың бай мәдениетін паш еткен керемет шара болды. Әлі де жалғасын табады деген сенімдемін. Өзім қазақтың салт-дәстүріне, қонақжайлылығына тәнтімін. Наурыз мерекесі құтты болсын. Қазақстандықтар мен барша әлем халқы үшін сәтті жыл болсын.

Жанно Эрпелдинг, Люксембург сауда палатасының халықаралық істер жөніндегі директоры:

Бүгін таңғажайып концерттің куәсі болдым. Қазақстанға әлі барып көрмеп едім. Керемет музыка, әннің арқасында елдеріңіз жайлы көп мағлұмат алдым. Өнерпаздардың күш-қуатына риза болдым. Олар бізге шығарманы жүрегімен сезініп, жеткізді. Мен де шын жүректен алғыс білдіремін.

Әнші, биші, күйші, барлығы бірдей қара терге түсіп, қазақ өнерін жоғарғы деңгейде насихаттады. Музыка арқылы бабалар мұрасын, ғасырлар сарынын жеткізген таланттар Люксембург жұртшылығының ыстық ықыласына бөленді.    

Нұрсұлу ҚАСЫМ

Хабарламаларға жазылу