Басты Жаңалықтар Балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне шектеу: Әлемдік тәжірибе

Балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне шектеу: Әлемдік тәжірибе

Иә, балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтік желілерге қолжетімділігін заңмен шектеуді әлемдегі бірқатар мемлекет қолға алып жатыр. Кәмелеттік жасқа толмағандардың миллиондаған аккаунттары бұғатталып, Facebook, Instagram, Snapchat,TikTok, YouTube сияқты әйгілі платформаларға тіркелуге ресми түрде тыйым салынды. Кейбір елде аккаунт ашуға жол берген компанияның өзі қомақты айыппұл арқалайды. Әлемдік тәжірибе бүгінде қалай іске асуда? Қай елде қандай шектеулер бар?

Айжан иманғали, тілші:

Балаларды зиянды контенттен заңмен қорғауды алғашқылардың бірі болып Аустралия бастады. Бұл елде 16 жасқа дейінгі қолданушыларға әлеуметтік желіге тіркелуге және оны пайдалануға рұқсат жоқ. Ақпарат құралдарына сүйенсек, Facebook, Instagram, Snapchat, Threads, TikTok, X, YouTube, Reddit, Kick және Twitch сияқты ондаған платформаға тыйым салынды. Алайда, YouTube Kids, Google Classroom және WhatsApp бұл тізімде жоқ. Заң бұзылса, жуапкершілік ата-анаға емес, әлеуметтік желі иесіне жүктеледі. Салынатын айыппұл қомақты. 49,5 миллион аустралиялық доллар, яғни 16 миллиард теңге төлейді. Ал, Франция 15 жасқа дейінгі балаларға шектеу қою туралы заң жобасын енді әзірлеп жатыр. Сенат мақұлдаса, биыл 1 қыркүйектен бастап балаларға жаңа аккаунт ашуға тыйым салынып, жыл соңына дейін ескілері жойылуы тиіс. Дания елінде де 15 жасқа дейінгі балаларға тыйым салу жоспарлануда, бірақ 13 жастан асқандарға ата-ананың рұқсатымен кейбір платформаларға кіруге рұқсат берілуі мүмкін.Ұлыбританияда былтырдан бері «Желідегі қауіпсіздік туралы заң» жұмыс істеп келеді. Онлайн-сервистер зиянды контентті сүзгіден өткізіп, қолданушының жасын тексеруге міндетті. Бұл елде тіпті жасөспірімдерді тіркеген компания иелеріне қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Ал АҚШ-та балалардың желідегі қауіпсіздігі туралы заң қарауға алынса, Әзербайжан шектеу мәселесін Парламентте талқылап жатыр. БҰҰ-ның Балалар қоры, яғни ЮНИСЕФ-тек тыйым салумен мәселе шешілмейтінін ескертеді. Ұйым өкілдерінің пікірінше, қатаң шектеулер балаларды VPN қолдануға немесе бақыланбайтын жасырын платформаларға тіркелуіне итермелеуі мүмкін. Сондықтан кешенді тәсіл қажет дейді.
Бөлісу