Басты Жаңалықтар Димаш Құдайбергеннің халықаралық жобасы көрерменге жол тартты

Димаш Құдайбергеннің халықаралық жобасы көрерменге жол тартты

Әлемді жалғаған әуен, көкжиектен асқан үн! Әлемге танымал даңқты әнші Димаш Құдайбергеннің жаңа халықаралық продюсерлік жобасы көрерменге жол тарты. Қытайда тұсауы кесілген «Voice Beyond Horizon» халықаралық музыкалық реалити-шоуын әлем елдері бүгіннен бастап Hunan TV телеарнасы мен Mango TV платформасынан көре алады. Ал қазақстандық көрермен үшін жоба 14 ақпаннан бастап «Qazaqstan» ұлттық телеарнасынан көрсетіледі. Бағдарламаның алғашқы бөлімін Қазақстанның Халық әртісі алматылық көрерменмен бірге онлайн тамашалады.

Бұл Димаштың шығармашылық жолындағы ең ауқымды халықаралық бастамасы. Жобаға Сербия, Италия, Малайзия, Қырғызстан, Қытай және Қазақстан елдерінен сегіз талантты вокалист қатысып, түрлі мәдениетті тоғыстырған ерекше форматта өнер көрсетеді.

Димаш Құдайберген, Қазақстанның Халық әртісі:

Жобамыздың бірегей форматы үйреншікті шекаралардан тыс сапар болмақ. Мұнда музыка шекараларды жойып, мәдениеттерді тоғыстырады. Әр елдің дәстүрін ашады және диалогқа, достыққа, мейірмандыққа, бірлескен шығармашылққа шақырады.

22 күнге созылған түсірілім барысында халықаралық шығармашылық топ пен байқауға қатысушылар Түркістан, Ақмола, Маңғыстау және Алматы облыстарын, сондай-ақ Алматы мен Астана қалаларын аралап, еліміздің көрікті жерлерін әлемге паш етеді.  Қазақстандағы барлық түсірілім жұмыстарына «Qazaqstan» телеарнасы атсалысып, қолдау көрсеткен.

Қанат Айтбаев, «Dimashali» шығармашылық орталығының жетекшісі:

Хабардың барысында біздің еліміздің ең көрікті жерлері көрсетіліп, тарихы баяндалып, өңірлері экран арқылы халыққа ұсынылады. Экономикалық тұрғыдан да, мәдени байланыстың да күшеюуіне ықпал ететін, септігін игізетін жақсы бағдарлама болатын шығар деген ойдамыз.

Үш айға созылатын халықаралық музыкалық жоба барысында қатысушылар тек өнер көрсетіп қана қоймай, көрерменге Қазақстанның табиғи көркі мен мәдени ерекшелігін кеңінен таныстырады.

Бөлісу