Басты Жаңалықтар Маңғыстау өнер ұжымдары бірнеше елмен мәдени байланыс орнатты

Маңғыстау өнер ұжымдары бірнеше елмен мәдени байланыс орнатты

Маңғыстаулық өнер ұжымдары бірқатар мемлекеттермен мәдени дипломатия орнатты. Олар жылына екі рет шетелдерге гастрольге барып, ұлттық мəдени құндылықтар арқылы бірлік пен ынтымақты насихаттап келеді. Мәселен, былтыр театр ұжымы Литваның бірнеше қаласында Әбіш Кекілбаевтың шығармасы желісімен жазылған «Шыңырау» спектаклін қойып, еуропалықтардың қошеметіне бөленген.

Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық музыкалық драма театрының актерлары «Зілзала» спектаклін пысықтап жатыр. Жаңадан келген жас құрам өз кейіпкерлерін жете меңгерген. Қойылым адам мен табиғат арасында үйлесімнің болмауынан туындаған апат жайында. Өнер ұжымы спектаклді арнайы шақыртумен Түркияның Ыстамбұл қаласында көрсетеді. 

Айдос Тастаев, Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық драма театрының директоры:

Ақпанның 9-12 арасы біз Ыстамбұл қаласына арнайы осы «Зілзала» спектаклін көріп шақырту алып отырған жайымыз бар. СКЛ: Ол жерде де жақсы баға береді деген үміттеміз. 27 адам құраммен барып, Ыстамбұл қаласында өнер көрсетеміз. Қазақтың қазақ екенін, көптеген қазақтың салт-дәстүрі бар ғой енді елді таныту мақсатында, екі елдің қарым-қатынасын біз әрқашанда осы мәдениет арқылы көрсетуіміз керек.

Облыстық музейдегі құнды жәдігерлер де шетелдерде көрмеге қойылып, көрерменді тәнті еткен. Былтырдың өзінде ұжым Түрікменстан еліне екі рет барып, Маңғыстау қазақтарының өткен өмірінен сыр шертетін күміс зергерлік бұйымдар мен ұлттық киімдері таныстырды. 

Эльвира Абланова, Ә.Кекілбайұлы атындағы облыстық тарихи өлкетану музейінің директоры:

Әр елдің өзінің мықтылығын көрсететін жәдігерлері топтасқан музейлерінің кездесуі болды. Біздің 100 ден астам күміс жәдігерлерді алып бардық. Ол жерде Еуропалық делегация мүшелері және Орта Азия, алдыңғы Азия елдерінен келген адамдар негізінен біздің Маңғыстау халқының күміс бұйымдарына өте үлкен қызығушылықпен қарады.

Облыстағы қуыршақ театры, филармония, қорық ұжымдары да Оңтүстік Корея, Ресей, Беларусь, Түрікменстан, Өзбекстен сияқты шет елдерде түрлі деңгейдегі ғылыми конференциялар, байқаулар мен көрмелерге қатысып, тәжірибе алмасып жүр.

Нұртас Сали, облыстық мәдениет басқармасының басшысы:

Арғы жағындағы негізгі мақсат бұл осы ұлттардың, елдердің арасындағы мәдени қарым-қатынастарды нығайту, бірлікті, достықты, ынтымақты насихаттау және ең негізгі мәселе осы ұлттың, елдің имиждін көтеру мәселесі. Соны жақсы ойлағыдай атқарып келе жатыр деп есептейміз.

Елдер арасындағы мәдени дипломатияның тағы бір көрінісі – былтыр «Ақтау – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы аясында облыста 30-дан астам халықаралық шара өтті. Оған алыс-жақын шет елдерден 5 мыңға жуық адам келді.


Бөлісу