Түлкібаста 21 инвестициялық жоба жүзеге асқан
Түркістан облысының Түлкібас ауданында тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту үшін тың жобалар жүзеге аса бастады. Ауданның төрт ауылдық округінен шағын өндірістік аймақтар құрылып, жергілікті халықтың кәсіп бастауына жағдай жасалуда. Ал базбір елді мекендерде шағын цехтар ашылып, ауыл тұрғындарына жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр. Айнұр Әбілқасымқызы тарқатады.
Шәкір Сатанұлы осы аумақтан бір гектар жер алып, мал бордақылайтын қора салды. Қораның ішкі құрылыс жұмыстарын аяқтаса, 50 шақты ірі қараны бордақыламақ. Мал басын көбейтіп, етке өткізіп жүрген кәсіпкер үшін мемлекеттен жер бөлу, жағдай жасау үлкен қолдау болып отыр дейді.
Шәкір Сатанұлы, Балықты ауылның тұрғыны:
Ауыл ішінде мал жем жейді, басқа қылады. Оның иісі шығады. Сыртта тыныш, әркімнің малы өзінің қорасында қоршаулы тұрады. Март айына дейін сарайымыз дайын болады. Марттан кейін мал кіреді. Мал бордақылаймыз бұл жерде. Кәсібімізді ары қарай дамытамыз.
Шағын өндірістік аймақтан қосымша мал соятын орын мен жем-шөп дайындайтын цех салынады. Бұл ауылдан шыққан кәсіпкерлердің жұмысын біршама жеңілдетіп, ет сатуға қолғабыс болмақ. Ауыл әкімі бұл жұмыстар әлі де жалғасады. Яғни тағы 20 гектар жер жергілікті халыққа бөліп беріледі.
Дастан Жаналиев, Балықты ауылдық округінің әкімі:
Балықты ауылдық округін ет кластерін дамытуға жұмыс жасап, үлкен мегаполистерге, Шымкент, Алматы, Астан сияқты, керек болса Өзбекстан мемлекетіне ет экспортқа шығарсақ жеген жоспармен жұмыс жасап жатырмыз.
Ал Майтөбе ауылынан жуырда алма шырынын шығаратын шағын цех ашылып, елдімкеннің 15 тұрғыны жұмыспен қамтылды. Түлкібас алманың отаны болған соң, шырын шығаруға өнім жеткілікті дейді өндірістік кооператив басшылығы. Яғни шаруашылыққа тиесілі 350 гектар баудан жиналған жеміс қайта өңделіп, нарыққа шығарылуда.
Серік Төлеш, кәсіпкер:
Жылда он тоннаға жуық алма жерде қалып кететін. Оны ешкім термейтін. Енді биылдан бастап өзіміздің алмамызды өндіріп, сок қылып жатып жатырмыз. 8 килолық алмадан 3 литр сок шығып жатыр. Біздің Түлкібас өңірінің өзінен жылына 30 мың тонна алма шығады екен. Соның 5-10 мың тоннасын қабылдауға цехтың күші бар ғой.
Өткен жылы ауданның өндірістік әлеуетін дамыту мақсатында жалпы құны 46 млрд. теңгені құрайтын 21 инвестициялық жоба жүзеге асқан. Нәтижесінде 542 жаңа жұмыс орны ашылды. Жаңа жобалардың басым көпшілігі ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы