Өскеменде мектеп оқушылары ұлттық нақыштағы бұйымдар жасайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өскеменде мектеп оқушылары ұлттық нақыштағы бұйымдар жасайды

27.03.2019

Олар арнайы мектепте тігін ісін үйреніп қана қоймай, дизайн өнерінің қыр-сырын меңгеруде. Қазақтың ою-өрнегімен безендірілген, жас тігіншілер қолынан шыққан киім үлгілері халықаралық байқауда да жоғары бағаланған.

Кішкентай ісмер қыздар үшін замануи сәнмен ұлттық нақышты келістіріп, тігін тігу еш қиын емес. Өйткені олар жастайынан ісмерлік өнердің қыр-сырына қанығып өсіп келеді. Әрбір бұйымды ұлттық оюмен көмкеріп, көз тартарлықтай әдемі етіп жасауға тырысады.

Еркеназ Берікқызы:

- Бізге ұстазымыз осындай әдемі қап тігуді ұсынды, біз келістік.

ӘЙГЕРІМ ҚУАНЫШЕВА:

- Осының алдында біз басқа бұйымдар жасағанбыз. Мысалы, аналарымызға арнап, косметика салатын сөмке жасадық.

Әр баланың өзінше қабілет-қарымы бар. «Бойдағы еректікті тани білсе, баланың дарыны ашылады, әрі қарай дамыта түссе, талантқа айналады»,-дейді мұғалімдер.

Жанар Сейілханова, дизайнерлік мектеп жетекшісі:

- Әр адамның таланты неғұрлым ертерек ашылғаны жақсы. Балалар дизайн өнерін үйрену кезінде шығармашылық арқылы ұлттық құндылықтарды бағалауды үйренеді. Себебі біздің жұмысымызда қазақы нақыштағы бұйымдар жасауға басымдық берілген.

Бұл жерге келетін балалар киіз басу технологиясын, жүнмен суретті бейнелеуді де біледі.

Қыз баланың бойында эстетикалық мәдениетті, шығармашылық қасиетті дамытуға арналған мектепте арнайы оқыту бағдарламасы да бар. Бұл жерде ешқашан лекция болмайды. Қазақы оюмен безендіруді, ұлттық нақышта киім тігудің барлығын балалар іс жүзінде меңгереді.

Берік КӨШЕРБАЙ

Хабарламаларға жазылу