Басты Жаңалықтар БҚО-да тозған электр желісі түгел жаңартылды

БҚО-да тозған электр желісі түгел жаңартылды

Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданының Ресеймен шекаралас Мереке ауылдық округінде электр желісі түгел жаңартылды. «Қаладан - ауылға» бағдарламасы аясында көрші аймақтардан 5 отбасы көшіп келді. Оларға баспана беріліп, жұмыспен қамтылды. Елдің шетінде, желдің өтінде жатқан шалғай ауылдағы ілкімді істер жайлы халық пікірін тілшіміз біліп қайтты. 

Маңғыстаудан көшіп келген Ұлмекен Демеуова қазір шағын кәсіп иесі атанды. Үйінен тандыр нан, тәтті өнімдер пісіреді. Қайтарымсыз қаржыға пеш, қамыр илеу құралдарын алған. Отағасы құрылыс саласында еңбек етеді. Отбасында бес бала бар.

Ұлмекен Демеуова, Мереке ауылының тұрғыны:

Ақтаудан көшіп келдім көпбалалы отбасы ретінде. Қайтарымсыз грант алдым - 1 млн 250 мың теңге. Тандыр нан, торт-пирог пісіремін, тапсырыспен самса, пирожки пісіремін. Сұраныс бар. Күніне 15-20 данадан сатамын.

Осылайша ауылға өзге өңірден 5 отбасы көшіп келген. Мереке – аудан орталығынан шалғай жатқан, Ресеймен шекаралас ауыл. 600-ден астам тұрғын бар. Былтыр ауыл ішінде 3 шақырымдық электр желісі түгел ауыстырылған. Жаңа қосалқы станса салынып, темірбетонды электр бағаналары қойылып, жаңа желі тартылған.

Хангерей Жаманқұлов, электр желісі маманы:

Әуе электр желісі деген болды бұрын, тек сымдар. Қазір кабель. Желге жақсы шыдамды. Қазір ауылда жарық сөнбейді. Бұрын жел болса, үзілетін еді.

Ауылдық округке қарайтын Қалмақ елді мекенінде де жарық желісі жаңартылған. Ауылішілік 4 көшеге асфальт төселген.

Аязби Әубекеров, Мереке ауылының тұрғыны:

Бұрын жауын-шашын, қатты жел кезінде жарық сөніп қалатын еді. Қазір ондай ақаулар жоқ ауыл ішінде. Алыстан, басқа жақтан үзілмесе, ауылда жарық өшуі жоқ бұрынғыдай. Газ бар, жарық бар, су бар. Интернетіміз жақсы ұстап тұр. Осы істеліп жатқан игі істерге қуаныштымыз. Халық атынан ризашылығымызды білдіреміз.

Округ орталығында 10 жаңа үйдің құрылысы бітіп тұр. Алайда баспанаға мұқтаж адамдардың кезегі Отбасы банкіне берілгендіктен, үйді тұрғындарға тапсыру тоқтап тұр. Суы, газы өткізілген дайын  пәтерлер қазір мемлекет теңгерімінде, қазынаға шығын келтіріп тұр. Бұл - жалпы барлық ауданға тән мәселе.

Мэлс Нәріков, Мереке ауылдық округінің әкімі:

Тұрғындарға беруге дайын тұр. Бұл жердегі үлкен мәселе - қазіргі уақытта кезекті сайт арқылы «Отбасы банкке» береді. Сол «Отбасы банк» мәселесі шешілетін болса, бұрынғыдай аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық арқылы берілетін болса, онда тезірек халықты қоныстандыруға болатын еді.

Былтыр ауылда ветеринарлық пункт ашылды. Енді тек бір көшенің жолы тегістелсе, әлеуметтік мәселесі 100 пайыз шешілген ауыл болмақ.

Бөлісу