Басты Жаңалықтар Президент: Қазақстан мен пәкістанның өнеркәсіп саласындағы мүмкіндіктері мол

Президент: Қазақстан мен пәкістанның өнеркәсіп саласындағы мүмкіндіктері мол

Қазақстан мен Пәкістанның өнеркәсіп саласындағы мүмкіндіктері мол. Мемлекет басшысы Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шарифпен жүргізген келіссөздерінің қорытындысы бойынша БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында осылай деді. Президент Пәкістан компанияларын елімізде тауарлар өндіруге бағытталған кәсіпорындар ашу туралы ұсыныс айтқанын жеткізді. Тараптар ауыл шаруашылығы, фармацевтика және құрылыс материалдары өнімдерін өндіруге қызығушылық танытып отыр, деді. Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы тікелей әуе қатынасын қайта қосу жайы талқыланғанын жеткізді. Бұл бизнесті, туризмді дамыту тұрғысында өте өзекті, деді. Тараптар ғылым және білім саласындағы байланысты одан әрі дамытуға уағдаласқанын, денсаулық сақтау және спорт бағыттары бойынша өзара іс-қимылды күшейту маңызды екеніне мән берілді, деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазіргі геосаяси жағдайда көпжақты ұйымдар аясында өзара қолдау көрсету және консультациялар өткізу аса маңызды. Пәкістан Қазақстанның Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесі аясындағы бастамаларын үнемі қолдап келеді. Біз бұған ризашылығымызды білдіреміз. Сонымен қатар әлемде бейбітшілік пен тұрақтылықты орнату жолында нақты қадамдарды талқыладық. Осы орайда, бүгін Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгершілік миссияларына бірлесіп қатысу жөніндегі Үкіметаралық меморандумға қол қойылды. Бұл құжат халықаралық бітімгершілік қызметі бойынша әріптестігімізді одан әрі кеңейтуге жол ашады.


Бөлісу