Түркістан облысында елудей қыз-келіншек ауыл қасындағы фабрикада еңбек етіп жүр
Жүрек қалауымен жанына жақын істі меңгерген жандар. Түркістан облысында 50 ге жуық қыз-келіншек ауыл жанынан ашылған тігін фабрикасында жұмыс істеп жүр. Бұған дейін жұмыссыз отырған әйелдер қазір нағыз кәсіби тігіншілер атанған. Ісмер жандар жылына 5 мың данаға дейін түрлі өнім шығарады.
Тігіншілік екінің біріне қона бермейтін өнер дейді Алмагүл Тұрғанова. Ол ісмерлікке 40 жылдан аса ғұмырын арнап, содан бері қол үзбей жұмыс істеп келеді. Зейнет жастан асқанына қарамастан фабрикада еңбек етіп жүр. Жақсы дүние шығарсам – соның өзі бақыт, дейді ол.
Алмагүл Тұрғанова, тігінші:
Сол өзіңнің тікке тігісіңе бүйтіп қарап, түп түзу, әдемі болып көрінсе, бір рахаттанып қаласың. Менің тігісім жақсы шықты ғой, керемет шықты ғой деп. Енді бір жерлері сәлі қисайып қалса, онда ренжіп қаламыз ғой. Ләззат алатын жерім, сол киіміміз жақсы, әдемі, қонымды болып шықсасоған қуанамыз.
«Бадам» индустриалды аймағынан ашылған тігін фабрикасында ауылдағы елуге тарта қыз-келіншекке тұрақты жұмыс табылды. Солардың бірі Гүлмира Түленбаева. Ол бұған дейін үйінде көрпе төсек тігіп, азын аулақ табыс тауып келгенін. Бүгінде фабриканың үздік тігіншілерінің бірі. Бұл мамандық шыдам мен шеберлікті талап етеді дейді.
Гүлмира Түленбаева, тігінші:
Бұл тігіншілік те өнер. Әр істің өзінің қиындығы бар. Бұл жерге келіп көп нәрсе үйрендім. Үйде тек көрпе-төсек болғаннан кейін бұл жақта қанша дегенмен киім. Дайын кройка келеді бізге. Біз соны тігеміз.
Фабрика жылына шамамен 5 мың данаға жуық өнім шығарады. Әскери форма мен түрлі саладағы жұмысшылардың арнайы киімдері осы жерде тігіледі. Киім үлгілері мен макеттер автоматтандырылған шаблондық жобалау жүйесі арқылы жасалады. Соңғы уақытта бұл салаға жастардың да қызығушылығы артып келеді.
Баян Әбдірайымова, шебер:
Бадам елдімекенінің айналасындағы ауылдардан, 3-4 ауылдан тігіншілер келіп жұмыс жасайды. Жалақыларымыз бізде орта есеппен 150-180. Болашақта тігіншілерімізді көбейтіп, өндірісімізді одан да көп шығаруға ниетіміз бар.
Кәсіпорын өндіріске шетелдік және отандық шикізатты пайдаланады. Биыл цех жаңғыртылды, өндіріске озық технология әкелінді, сондықтан әлдеқайда сапалы өнім шығарамыз дейді ісмерлер.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы