Басты Жаңалықтар Тараздық оқушылар толарсақтан саз кешіп жүр

Тараздық оқушылар толарсақтан саз кешіп жүр

Таразда оқушылар сабаққа батпақ кешіп, балшық боп барады. Өйткені  асфальт жоқ. Қала құрамындағы 4 саяжайдың аумағы қазылып ойдым-ойдым болып, жайрап жатыр. Бүгін тағы жаңбыр жауып, көшеге шыққандар көл кешкендей күйге түсті. Данияр Әлімқұл  тұрғындар талабын тыңдап келді.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Қалың өскен қамысқа қарап, бұл журналис жігіт қай көлдің жағасында жүр дерсіз. Бірақ бұл қамысты көл емес, қаланың іші. Тараздың көшесі. Әншейінде ойпаң, ойдым жолдың шаңы шығып жатады. Ал күн жауса осылай көшелер көлге айналады.

Сондықтан Родничек, Мичурин, Қайнар және Ақжол алабында қатынау қиындайды. Оқушылар осылай аяқтарына полэтилен пакет киюге мәжбүр. Үлкендер күрек, кетпен ұстап, жолға жиналған суды аулаққа ағызып әуре.

Алпыс Әндетайұлы, Тараз тұрғыны:

Көрген күніміз осы міне, аяғымызда пакет. Балалар оқуға бара алмайды.  Барса аяқтарын жуады мұздай сумен. Кәрі-құртаң қалдық ол, үйден шығу жоқ. Есік алдына шықсақ дария, батпақ.

Жұмакүл Тойгүлиева, Тараз тұрғыны:

«Мына көшеге баруға мүмкіндік жоқ» деп келмейді. Сонымен не жедел-жәрдемге жете алмай қалдық, не таксиге жете алмай қаламыз аяғымызға салафанды киіп алып былай шығамыз.

Ал жолсызға жиналғандарға жолдың жайын айтуға келген атқамінерлер бір-біріне сілтеп, бірімен бірі келісе алмады. Әйтеуір әзер дегенге сөз суырып, әрең дегенде жолдың ұзындығын білдік. Алаптардағы 22 шақырым болатын 50-ден аса көшенің мәселесі алдағы екі жылда шешілмек. 

Дамир Айманов, Тараз әкімдігі ТҮКШ бөлімі басшысының м.а.:

2025 жылы су жүргізілді, яғни ауыз су. Биыл сметалары жасалады жолдарын асфальттау бойынша. 2026-27 жылға жоспарланып отыр.
– Шамамен қаншы қаржы қажет жолды жасау үшін? 
– Ол қазір смета жасап болған соң анықталады.

Әзірге Әулиеата ауданының әкімдігі тас-шағал төсеп бермек. Айта кетейік, Таразда 500-ден аса көше орташа жөндеу мен қайта жаңғыртуды қажет етеді. Шаһар шенділері 5 жылда жолға қатысты жоспарды орындаймыз деп отыр.  


Бөлісу