Басты Жаңалықтар БҚО шағын ауылдарына газ бен интернет қосылды

БҚО шағын ауылдарына газ бен интернет қосылды

Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданының шағын ауылдарына да табиғи газ берілді. Қуанышын жасыра алмаған тұрғындар «бізге тіпті газ келеді деп күткен жоқпыз» деседі. Сондай-ақ шалғай елді мекендерге Starlink интернет желісі тартылған. Әріптесім Ардақ Мұратқызы ауылға барып, тұрғындардың хал-ахуалын көріп қайтты.

Күнсәуле Едіресова бұрын екі мезгіл қи жағып, ошақтағы отты бағатын еді. Қазір ауылға газ келіп, отын тасып, күл шығару азабынан құтылды. Сақылдаған сары аязда көңіл де, үйдің іші де жып-жылы.

Күнсәуле Едіресова, Өркен ауылының тұрғыны:

Бұрын осылай еді ауылымызда. Күл шығарып, от жағып. Таңда бір, кеште бір тұтатып, шәйімізді қайнатып, тамағымызды осында пісіретін едік. Салқын болды. Бірталай қиыншылық та көрдік аяз, боран күндері. Ошақ тартпай қалады. Енді, міне, көгілдір отын келіп ауылымызға, өте қуанышты жағдай болып жатыр. Мынадай, пеш қосып үйімізге, жақсы күнге қол жеткіздік.

Өркен ауылында 21 үй бар. Қазір Тасқала ауданының осындай шағын елді мекендеріне, тіпті қыстақтарына да газ құбыры тартылып жатыр. Шалғай елді мекенге «Старлинк», «КазОптикЛинк» интернет желісі қосылған. Ауылдықтар ғаламторға тегін қосыла алады.

Мұрат Әбілов, Өркен ауылының тұрғыны:

Осындай үлкен қуаныш болып жатыр. Біз күткен жоқпыз енді. Осындай шағын, кенже қалып қойған ауылдар бытырап тарап кете ме деп едік. Қайта ауылымыз жанданып, бұрынғы көшіп кеткендер қайта келіп, мал ұстап жатыр. Үлкен нығмет болды. Қуанышымызда шек жоқ. Сосын бөгеттерімізді жаңартым береміз деп жатыр. Осындай шағын ауылдарға қатты көңіл бөлінеді деп ойлаған жоқпыз. Осындай үлкен жұмыстар атқарылады деп.
Шежін ауылдық округіне қарасты Еменжар ауылына да биыл «көгілдір отын» келді. Қырық бір тұрғыны бар шағын елді мекен – мал ұстауға қолайлы өлке. Ауылда ауыз су, жоғары жылдамдықты интернет бар. Енді кітапхана, медициналық бөлімше, кірме жол салынбақ.

Гүлбаршын Габдулова, Еменжар ауылының тұрғыны:

Ауылға газ келеді деп ойлаған жоқпыз. Нанған жоқпыз. Тіпті газдың тұрбаларын үйге кіргізіп, жұмысын жүргізгенше сенген жоқпыз. Өте қуаныштымыз. Бақытымызда шек жоқ қой. Қазір рахат көріп отырмыз. Бұрынғы ауылдастар, бәрі құттықтап жатыр қуанып, өздері газ жағып отырғандай болып.

Осылайша Тасқала ауданындағы 28 ауылдық елді мекеннің қазір 24-іне газ берілді. Енді өркендіктер тозған электр желісі жөнделіп, қалпына келсе дейді. Облыстық энергетика басқармасының мәліметінше, биыл Тасқала ауданының бірнеше ауылында жарық беру мәселесі шешімін таппақ.


Бөлісу