Басты Жаңалықтар Жамбыл облысы 100% таза сумен қамтылды

Жамбыл облысы 100% таза сумен қамтылды

Жамбыл облысында барлық елді мекен ауызсумен 100% қамтылды.  Бүгінде 353 елді мекен мен 4 қалаға тіршілік нәрі тоқтаусыз келіп тұр.

Соның бірі Жамбыл ауданындағы Өрнек пен Жұма ауылы. Су станциясының құрылысына былтыр мамырда республикалық бюджеттен 1,8 млрд теңге, ал қайтарылған активтер қаржысы есебінен 129 млн теңге бөлінді. Сөйтіп 55 шақырымнан асатын су құбыры мен сорғылар салынды. Жоба жұмысы 7 айда аяқталып, 3 мыңға жуық тұрғын сапалы ауызсуға қол жеткізді.

Гауһар Әбсәттарова, Өрнек ауылының тұрғыны:

Бақшадан, құдықтан барып, суымызды пісіп, қолымыз жаурап, қыстың күні үйге шелектеп тасып ішетінбіз. Президентіміздің әр ауылға су кірсін деген тапсырмасы орындалып, үйімізге су кіріп, даладан су тасымайтын болдық. Қуаныштымыз осы күнімізге. Ауылымыз ары қарай дами берсін.

Енді инфрақұрылыммен жабдықтауға жауапты басқарма тозығы жеткен ауызсу желілерін қайта жаңғыртуға кіріспек. Өйткені өңір бойынша 7 мың шақырымнан асатын құбыр тозып кеткен. Биыл бұл бағытта 19 елді мекенде жаңғырту жүреді. Оған 17 млрд теңгеден астам қаржы қаралған.

Смат Сатымбеков, облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы:
Оның тозу деңгейі 21,5% құрайды. Бұдан бөлек алдағы уақытта 41 жобамыз дайын сумен жабдықтау, су бұру саласында. Тозығы жеткен, ауызсу желілері ескірген, су тарату ғимараттары ескірген нысандарды қайта жаңғырту бойынша жобалық сметалық құжаттамалар әзірлігі дайын.


Бөлісу