Басты Жаңалықтар БҚО Қырқопа ауылының әлеуеті артып келеді

БҚО Қырқопа ауылының әлеуеті артып келеді

Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданына қарасты Қырқопа ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды. Осылайша аймақта соңғы бес жылда 50 медициналық нысан ел игілігіне берілді. Сондай-ақ ауылда ескі мектеп жөнделіп, жаңа Мәдениет үйі ашылды. Әлеуметтің әлеуеті артып, түйткілі шешілген берекелі ауыл жайлы әріптесім Ардақ Мұратқызы айтып берсін.

Қырқопа ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункт бұрын әкімдік жанындағы бір бөлмеде қызмет көрсеткен еді. Былтыр қайтарылған активтер есебінен жаңа ғимарат салынды. Енді шалғайдағы ауыл халқы қала мен аудан орталығына сабылмай, қажет ем-шараны өз мекенінен алады. Жалпы «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірде соңғы бес жылда 50 медициналық мекеме қолданысқа берілді. Ондағы заманауи құрал-жабдықтар ауыл халқының денсаулығын нығайтуға, ауруды ерте анықтауға, скринингтен өтуге септігін тигізбек.
Жәния Оразәлиева, Қырқопа ауылының тұрғыны:
Дәрігерлік амбулатория ашылғанына өте қуаныштымыз. Халқымыз болып, ауыл тұрғындары болып, әсіресе, зейнеткерлер болып қуанып жатырмыз. Халықтың игілігіне, халықтың денсаулығын нығайтуға жұмыс істесін.
Округ орталығында 1000-нан астам тұрғын түтін түтетіп отыр. Ауыл халқы көтерген өзекті мәселелер біртіндеп шешіліп келеді. Апатты жағдайдағы орта мектеп күрделі жөндеуден өтіп, Мәдениет үйі бой көтерген.
Жасқайрат Төлеуғалиев, Қырқопа ауылының тұрғыны:
Фельдшерлік-акушерлік пункт бұрын әкімдікте болды. Мәдениет үйі тозып тұрды. Соның бәрін айттық біз. Содан кейін бізге қаржы бөлініп, 5 км жол салынды. Мектеп жөнделді. Одан басқа, ауылда тұрғын үйлер салынып жатыр. Ауылдың халқы азаймай, мектепке оқушылар келсін деп. Рахметімізді айтамыз. Осы ауылды көркейтуге, дамытуға, абаттандыруға үлестерін қосып жатыр. Ризамыз бәріміз халық болып.
Ауылда су беру, газ тарту мәселесі жоқ. Тұрғындар мемлекеттен қаржылай қолдау алып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Төрт түлік өсіреді. Соңғы екі жылда аудан бойынша барлығы 100 үй салынып, пайдалануға берілген. Жас мамандар да әлеуметтік салаға қызметке келген.
Алпамыс Көшкінбаев, Жаңақала ауданының әкімі:
Ауданымыздың 4 ауылында жаңа медициналық нысандар құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Олар: екі амбулатория, бір медпункт және бір фельдшерлік-акушерлік пункт. Аудан орталығында 3 мектеп жұмыс істеп тұр. Төртінші мектеп құрылысының қажеттілігі туындап отыр. Бастауыш сыныптарда үш ауысымдылық бар. 300 орындық мектеп салу жоспарланды.
Округ облыс орталығынан 250 шақырым қашықта орналасқан. Алайда әлеуметтің әлеуеті артқан ауылдан ешкім көшкісі жоқ. Енді тек ауылішілік жол мен тротуар салуды сұрап отыр.


Бөлісу