Жамбыл облысының үш бірдей ауданы газбен қамтылды
Жамбыл облысында көп жылдар бойы көмір жағып келген ауылдарға көгілдір отын кірді. Бүгінде облыстағы Байзақ, Жамбыл және Жуалы ауданы 100% табиғи газбен қамтылды. Бұл межеге 94 пайыздық көрсеткішпен Талас ауданы да жақын тұр. Данияр Әлімқұл шалғай жатқан ауылдың бірі Тоғызтарауға барып, инфрақұрылым игіліктерімен танысып қайтты.
Шалғайдағы шағын ауыл Тоғызтараудың қоңыр тірлігі қорадағы малмен тығыз байланысты. Ал тарихына тоқталсақ 2013 жылға дейін Жуалыға қарап, кейін Жамбыл ауданының құрамына өтті. Сөйтіп әкімшілік бөліністің әуресімен біраз жыл бедерінде инфрақұрылым игілігінен қағылып келді. Тіпті ауылдық амбулаторияның өзі тозығы жеткен, тар еді. Енді жаңасы салынып, жақсылығын ел көріп отыр.
Жансая Әзімбекова, Тоғызтарау ауылының тұрғыны:
Бұған дейін біз көрші ауылға жалтақтап, көрші ауылға қатынайтынбыз. Бірде көлік болады, бірде көлік болмайды. Ал қазір балалар ауырса да түнделетіп, өзімізде бар болғаннан кейін осы кісіге келіп тұрамыз.
Осы кісі дегені ауылдағы жалғыз фельдшер Жібек Темірбекова. Былтырдан бері бірнеше бөлмеден тұратын 5 адамдық амбулаторияға жауапты. Содан бері Тоғызтараудан бөлек, Жаңаөткел мен Құмсуат елді мекеніне бір өзі қызмет етеді.
Жібек Темірбекова, фельдшер:
Бұрынғы ескі ғимаратымыз осы ауылда, келесі жолда орналасқан. Іші ескі, тар етін. Халыққа қызмет көрсету өте ыңғайсыздау болатын. Қазір мінекей, Президентіміздің саясатының арқасында үлкен ғимаратқа қол жеткіздік. Барлық жабдықтармен қамтылған.
Ал жаңа жылда бұқара бөркін аспанға атып қуанды. От шашуға емес әрине, от жақпайтындығы үшін. Өйткені 800 тұрғыны бар ауылға көп жылдан кейін көгілдір отын кірді.
Данияр Әлімқұл, тілші:
Тоғызтараулықтар үшін мына темір пештің түкке қажеті жоқ. Ауылдықтар осылай аула алдына шығарып тастаған. Өйткені көгілдір отын келіп тұр. Бұқара бұрынғыдай ағаш аралап, тезек түтетіп, көмір жақпайды.
Ал бұрын әр үй кемінде 5 тонна қатты отын үшін 180 мың теңге төлейтін. Көлік жалдап, кезек күтетін.
Эльмира Тұрлығұлова, Тоғызтарау ауылының тұрғыны:
Мен енді келін болып келгелі бұл ауылда газ болмаған еді. Бұрынғыдай от жағып, көмір тасып, күл шығармайды екенбіз. Соған қуанып жатырмын, әсіресе. Отты жағатын өзіміз, күлді шығаратын өзіміз. Ел үкіметіне, Президентімізге көп-көп рахмет, біздің жұмысымызды жеңілдеткеніне.
Нұрәділ Төлепов, Тоғызтарау ауылдық округінің әкімі:
Округымызда 7 мыңға жуық қой бар, мыңға жуық жылқы және мың жарымға жуық сиыр бар. Елдің тұрмыс-жағдайы жақсы. Атаулы әлеуметтік көмек алатын округта азамат жоқ. Ауылымыздың ажары күннен күнге ашылып келе жатыр. Енді бұл жолда тоқтап қалуға болмайды.
Айта кетейік, аймақтағы жалпы саны 357 елді мекеннің 284-і газбен қамтылған. Биыл республикалық бюджеттен 32 млрд теңге бөлінсе тағы 50-ден астам елді мекенге газ кірмек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы