Басты Жаңалықтар Атырау – Доссор тасжолы төрт жолаққа кеңейтіледі

Атырау – Доссор тасжолы төрт жолаққа кеңейтіледі

Республикалық маңызы бар Атырау – Доссор тасжолы төрт жолақты болып кеңейтіледі. Көпшілік көкейінде жүрген мәселе жуырда шешімін таппақ. Бұл транзит еліміздің экономикалық дамуына тікелей әсер етеді. Өйткені бұл жол арқылы көліктер Ресей Федерациясына өтеді. Яғни халықаралық дәліз мәртебесіне ие. Бұдан бөлек Атырау – Доссор тасжолы бойында ірі кәсіпорындардың жүк ағынына байланысты көлік қозғалысы өте қарқынды. Жолдың тарлығынан апатты оқиғалар жиі болады. Былтыр 43 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 24 адам қаза тапқан. Биыл жыл басталғалы 2 апат тіркелген. Сондықтан бұл жолды екі жолақтан төрт жолаққа кеңейту мәселесін жүргізушілер көптен көтеріп келеді.

Айсұлтан Біртаев, Ақтөбе тұрғыны:

Төрт жолақ салса, жақсы болар еді. Қай жағынан қауіпті? Басып озады ғой. Жүріс көп бұл жолда. Атырау – Орал жолы тас-талқан боп жатыр. Бәрі осымен жүреді.

Бауыржан Шелеубаев, Шымкент тұрғыны:

Тар енді. Атырауға дейін де, кейін де нашар боп тұр ғой. Кейін әрі қарай тураланады. Бәрібір  жол тар. Төрт жолақ болса, апат азаяр еді. Қазір екі-ақ жолақ. Жол тұман, мұз. Қауіпті.

Жауаптылар құрылысты алдағы 4 жылда аяқтаймыз деп отыр. Салынатын жолдың ұзындығы 86 шақырым. Жобаны «Азия инфрақұрылымдық инвестициялар» банкі мемлекеттік кепілдікке сәйкес қаржыландырмақ. Әзірге құрылыс жұмыстары 140 млрд теңгеге бағаланып отыр. Бірақ бұл жобалау кезінде тағы өзгеруі мүмкін.

Ардақ Қайреденов, «ҚазАвтоЖол» ҰК Атырау облысы филиалының директоры:

Ақпанның аяғы, наурыз айында мердігер мекеме анықталады. Олар өздерінің жобалық-сметалық жұмыстарын жүргізеді, 1 жыл бойы. Үш жыл құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізеді. Сосын жеті жыл күтіп ұстайды. Құлсарының айналма жолы бар перспективада, 46 шақырым. Сосын Доссор – Құлсары ортасы, Құлсарыдан Маңғыстау облысының шекарасына дейін жоспарда бірінші санатты төртжолақты жол болады.


Бөлісу