Жаңа Конституция жобасында қандай өзгерістер бар?
Сонымен сенбіде «Міне, жаңа конституцияның жобасы былай түзілді, оқып,
танысыңыздар. Талдайық» деп, мәтін жарияланды. Конституциялық реформа жөніндегі
комиссия осы апта бойы жиналды. Ең басты жаңалық: Конституцияға өзгерістер енгізілмейді. Жаңа Конституция
қабылданады.
Данияр Қайыртай, тілші:
Конституцияға өзгеріс пен түзету енгізу мәселесі өткен қыркүйектегі президенттің Қазақстан халқына жолдауында парламентті реформалап, бір палаталы жүйеге ауысу туралы бастама көтергенінен старт алды десек болады. Кейін қазан айының басында Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы құрылып, олар жеті рет отырыс өткізіп, әр түрлі ұсыныстарды зерделеді. Алайда халықтан келіп түскен идеялар ауқымы парламенттік реформаның айналасынан шығып кеткені хабарланды. Жалпы 2 мыңнан астам ұсыныс-хат түссе, соның 1600-ге жуығы елдің жалпы конституциялық құрылымын, саяси және қоғамдық институттарды жетілдіруге қатысты ұсыныстар екен.Сөйтіп 20 қаңтарда өткен Құрылтай отырысында президент те «реформалар қоғамның қажеттілігі мен мемлекеттің даму жоспарына сәйкес үздіксіз жалғаса беретінін» айтып, жаңа саяси институттар құруға бастамышылық жасады. Оның ішінде Қазақстан халық кеңесі мен Вице-президент институттары бар. Сонда Конституциядағы парламентке қатысты 40 баптан бөлек, Президент, Үкімет, Сот институттарына қатысты бөлімдер мен баптарға дейін өзгеретін болып шықты. Мемлекет басшысы Ата заңның мәтініндегі кейбір тұстарды нақтылай түсу қажеттігіне, стильдік, терминологиялық кемшіліктерді түзетуге де назар аударды. Әрі преамбуланы қайта жазу керек деді. Осылайша әу бастағы Парламенттік реформа Конституциялық реформаға ұласып шыға келді.Құрылтайдың ертесі құрамына 130 маман кірген Конституциялық комиссия құрылды. Олар осы уақытқа дейін 6 отырыс өткізіп, жаңа түзетулер Ата заңның барлық бөлімін және 77 бабын қамтитынын жариялады. Сонда жалпы мәтіннің 84 пайызы өзгеретін болып шықты. Сондықтан шығар, Комиссия мүшелері бар мәтінді редакциялай бергенше, түбегейлі жаңа Конституция әзірлейік деген байламға келді. Президент жұма күні Волонтерлер форумында сөйлеген сөзінде бұл бастаманы қолдайтынын білдірді. Мемлекет басшысы бұған дейін де өзгерістер ауқымы жаңа Конституция қабылдаумен парапар екенін бірнеше мәрте айтқаны да есімізде. Жұма күні кешкісін Комиссия төрағасы мен орынбасарлары Президент қабылдауында болып, Конституцияның жаңа нұсқасын халықтың қарауына шығару қажеттігін жеткізді. Сөйтіп кеше, яғни сенбініңтаңында тәуелсіз Қазақстан тарихындағы үшінші Конституцияның жобасы жарияланды. Қоғам талқысына шығарылған жаңа құжат 11 бөлім және 95 бап болып шықты. Конституцияның жаңа нұсқасына дейінгі қыркүйектен басталған, шамамен, ұзын-ырғасы 5-6 айлық жол осындай болып отыр.Конституцияның преамбуласы, расында, президент құрылтай отырысында тапсырғанындай «қанша заман өтсе де, өзекті болып қала беретіндей» етіп қайта жазылды деуге болады. Оның толық мәтінін, міне, экранға шығардық. Салыстыру үшін қолданыстағы конституцияның преамбуласын да назарларыңызға ұсынып отырмыз. Алғысөзде қазақ жеріндегі өркениет пен мемлекеттіліктің тарихы терең екені, Ұлы далада салтанат құрған ұлы мемлекеттердің мұрагері екеніміз паш етілгенін атап өткім келеді. Әрі президент үнемі айтып жүретін «Әділетті Қазақстан» құру идеясы мен «Заң мен тәртіп» қағидаттары да преамбулада көрініс тапқаны – қоғамның санасын, бейнесін, жалпы сипатын өзгертуге талпынысымызды айғақтайдындай. Тіпті табиғатты аялап, қоршаған ортаны қорғауға қатысты принцип те жазылған. Ол бүгінгі «Таза Қазақстан» идеясымен ұштасатындай көрінді.
Үнзила Шапақ, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі:
Біз әділеттілігімізді, теңдігімізді, еркіндігімізді көрсету арқылы жерге деген, суға деген, ауаға деген құрметімізді көрсетіп және оған деген жауапкершілігімізді де көрсетуіміз керек. 90-шы жылдардағы азаматтардың болмысы, сол кездегі адамдардың армандаған мемлекеті, преамбуласына жазғысы келген идеялар мен қазіргі идеялар арасында айырмашылық бар.
Данияр Қайыртай, тілші:
Ең алдымен адам құқықтары мен бостандықтары мүлтіксіз сақталатыны алғаш рет Конституцияның преамбуласына шығарылып отырғанын айтып өту керек. Осылайша бұл идея мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде Ата заңның өн бойында көрініс тапқан. Мәселен, сарапшылар «Негізгі құқықтар, бостандықтар және міндеттер» деген екінші бөлімде адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы, Қазақстан ратификациялаған халықаралық пактілер мен халықаралық құжаттардың талаптары барынша ескерілгенін айтып отыр. Қолданыстағы Конституцияның 15-бабында «Әркімнің өмір сүруге құқығы бар» деп қайырылса, жаңа жобада «Өмір сүру құқығы – әр адамның абсолютті және ажырамас құқығы» деп тереңдетіле жазылғанына да мән беру керек деп ойлаймын. «Миранда ережесі», яғни әр адамға тұтқындалған сәтте бостандығы неге шектелетінін,өзіне қарсы куәлік етпеу және адвокат көмегін пайдалануға құқығы барынтүсіндіру бекітілді. Осы орайда айта кету керек, Ата заңымызда алғаш рет адвокатура туралы бап пайда болды. Бұл да – азаматтардың құқығын қорғауға кепілдік беру жолындағы адвокаттардың мәртебесін мемлекеттік айыптаушы, яғни прокурорлармен теңестіруді көздейтін маңызды қадам.
Үнзила Шапақ, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі:
Сот конституцияда жазылды, оның мәртебесі көрсетілді. Прокурордың қызметінің мәртебесі көрсетілді. Ал сізді қорғайтын жалғыз қорғанысыңыз сол сәттегі – адвокат Конституциялық-құқықтық механизм ретінде көзделмегендігі көтеріліп, қазір адвокатты конституцияға нақты бекітіп беріп жатырмыз.
Данияр Қайыртай, тілші:
Бұдан бөлек, цифрлық дәуірде азаматтардың жеке деректерін қорғауға кепілдік берілетіні 21-бапта бекітілді. Бұл да заман талабына сай адам құқығын қорғауды көздейтін инновациялық шешім десе болады. Осы тармақтың бас құжатта бекітілуінің мәні туралы әріптесім Амангелді Сейітхан бөлек бейнематериал жасады, алда назарларыңызға ұсынылады.Ал өзім екі конституцияны салыстыра отырып оқығанда байқаған тағы бір артықшылық – мәтіннің стилистикалық, грамматикалық тұрғыдан қазақыланып қалғаны, калька аударламалардан арылғаны. Енді бұл құжатты арнайы құқықтық білімі жоқ адамның өзі, тіпті мектеп оқушысы да түсініп оқи алатындай қалыпқа түсті дей алар едім. Бұл әзірге жаңа Конституцияның жобасы екенін тағы да ескерте кеткім келеді. Қоғам қарауынан кейін Комиссия жұмысын ары қарай жалғастырады.
Автор
Данияр Қайыртай
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
Монша орнына мектеп ашқан: Жеке мектептер тексеріледі
01.02.2026, 20:10
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі ауысты
01.02.2026, 20:05
Азық-түлік алаяқтығы: Қандай өнімдерден зиянды қоспа табылды?
01.02.2026, 19:48
Халықаралық волонтерлер жылы: Үкіметке жаңа құжат әзірлеу жүктелді
01.02.2026, 19:45
Үкімет пен Президент Әкімшілігінде кадрлық өзгерістер
01.02.2026, 19:42
Азаматтардың жеке деректері қалай қорғалады?
01.02.2026, 19:39
Ресейде қазақ мәдениетіне қызығушылық жоғары
31.01.2026, 20:11
Өскеменде шайбалы хоккейден жастар арасында турнир өтті
31.01.2026, 20:10