Энергетикалық қауіпсіздік - ел болашағы
Қазақстанда қазір 123 миллиард киловатт-сағаттан астам электр өндіріледі. Бұл - өте жақсы көрсеткіш. Егер осы қарқын бәсеңсімесе, еліміз энергияны да көп мөлшерде экспорттай алады. Есесіне кейбір облыстарда жылу жетіспейді. Бұл әсіресе соңғы жылдары солтүстік өңірлерде нақты біліне бастады. Сондықтан Президент Қызылорда да өткен Ұлттық құрылтайда Үкіметке Көкшетау мен Семей және Өскеменде жылу электр орталықтарының құрылысын тездетуді тапсырды. Ал шығыста дәл қазір қанша гигакалория жылу жетпейтінін және ол үшін не істеу қажеттігін әріптесім Олжас Керейхан білуге тырысты.
Өскемен жылу электр орталағы қазір шаһардың 80 пайызына жылу мен жарық береді. Алайда сексен жыл бұрын салынған стансының қондырғы мен құрылғылары 67 пайызға тозған. Дегенмен жыл сайын жаңғыртқанның арқасында тоқтаусыз жұмыс істеп тұр.
Жандос Тұраров, «Өскемен ЖЭО» техникалық директорының орынбасары:
Жоспар бойынша 2026 жылы 9 қазандықта жөндеу жұмыстары өткізіледі. Оның ішінде 2 қазандық күрделі жөндеуден өтсе, үшеуі орташа жөндеуден өтеді. Сонымен қатар «Өскемен ЖЭО» стансаны кеңейту жобасы аясында 13-турбина мен 16- қазандық агрегаттарын салу жүзеге асырылуда.
Қазір станса сағатына 438 гигакалория жылу, 250 мегаватт электр өндіреді. Осы саланы зерттеп жүрген Айбек Ақаев Президент ерекше атап өткен орасан зор көмір қоры арқылы-ақ еліміздегі энергия мәселесін түпкілікті шешуге болатынын айтады.
Айбек Ақаев, Қазақстанның құрметті энергетигі:
Президентіміз бұл жерде көмір генерациясы стратегиялық актив деп атап өтті. Сондықтан осы көмір қорына жаңа технологияны пайдаланып, Ұлттық жоба статусы деңгейіне дейін көтеру керек деді. Сондықтан да осы мәселені шешу үшін Үкіметке 20 наурызға дейін тапсырма берді.
Оңтүстікте, болмаса басқа өңірлерде энергия тапшылығы етектен тартып тұрған жоқ. Тек шығыстың өзінде элеткр энергиясын өндіретін 10 стратегиялық нысан бар. Жетеуі су, үшеуі жылу. Олар жылына 7,5 миллиард киловатт сағат қуат береді. Гидро-стансалар 65 пайыз, жылу электр стансалары 32, тағы 4 пайыз энергия жаңартылған көзден алынады. Нәтижесінде аймақта қазір электр тапшылығы жоқ. Тек жылу жетіспейді. Әсіресе Өскеменде.
Досжан Ағыбаев, облыстық Эергетика және ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы:
Бүгінде Өскемен қаласында жылу энергиясының жетіспеушілгі 278 гигаколория сағатты құрайды. Және берілген техникалық шарттарды ескере отырсақ, 2027 жылға дейін ол 430 гигаколорияға жетуі мүмкін. Осы мәселені шешу бойынша ең негізгі шешімі үшінші жылу электр орталығын салу көзделген. 2030 жылға дейін салынып бітсе, қалада толығымен профицит болады.
Өскемен өскен сайын энергия мен жылуға сұраныс артып келеді. Сондықтан үшінші жылыту орталығының тездетіп салынуына халық та, ұлық та мүдделі.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы