Басты Жаңалықтар Ауылдардың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарды

Ауылдардың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарды

Елдегі ауылдардың 98 пайызы ауызсумен қамтылған. Жартысынан астамында табиғи газ өткізілген. Әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсара түскен елді мекеннің бірі - Аққайың.

Жанел Нұрболатқызы, тілші:

Астана іргесіндегі Аққайың ауылындамыз. Мұнда үш жыл бұрын жолдар шұрық-тесік, бұралаң еді. Көшеден көшеге жетудің өзі мұң болатын. Ал қазір тақтайдай тегіс. Шамамен 4 миллиард теңгеге 10 мың шақырымы жөнделген.

Кіреберістегі жолдың жай-күйін көргеннен кейін ауылдың ішіне қарай тарттық. Бірден байқанымыз газ жүргізілген. Құбыр барлық көшеде орнатылған. Астана маңындағы ауылдардың ұзақ жыл от жағудың машақатын көргенін білеміз. Аққайыңға көгілдір отын былтыр тартылған.

Серік Омаров, Аққайың ауылының тұрғыны:

Осындай жағдай жасалады деп ойлаған жоқпын. Ерте кезде өмір сүрдік қой. Енді, міне, газ әкелді, үйлер жылынды. Қазір қарасаң, барлық кісінің көңілі толық.

Тағы бір көзге түскені барлық жерде осындай қоқыс жәшіктері бар. Сосын қадам сайын камера тұр. Сондықтан болар ауыл іші тап-таза. Енді көшелерге жарық беруге көңіл бөлініп жатыр. Оған бірнеше бригада тартылған.

Гүлзада Мұқажанова, Аққайың ауылының тұрғыны:

Ауыл көркейіп келе жатыр. Бір бала қонақ болып келген  кезде: «Апай, мына көше қорқынышты екен», - деп айтқан. Ал қазір көшелердің бәрі жарқырап тұр. Кешке қарай мен өзім де қыдыруға шыға аламын.

Жанел Нұрболатқызы, тілші:

Ауылдың Аққайың деп аталуы бекер емес. Жалпы көлемі 27 мың гектар қайың өседі. Тұмса табиғаттың аясында кәсіпкерлер бірнеше демалыс орнын ашқан. Көріп тұрғандарыңыздай, келушілер көп. Жұмыс күндерінің өзінде адам аяғы үзілмейді.

Аққайың тұрғындарының 70 пайызы осы демалыс орындарында қызмет етеді. Бұдан бөлек, жуырда ғана осындай форель балығын өсіретін цех ашылған. Мұнда әзірге 10 шақты адам жұмыс істеп жатыр. Бірақ ферманың бас директоры Мейрамбек Пазылбековтың айтуынша, шаруашылық кеңейіп, тағы ондаған адам кәсіпке кіріседі деген жоспар бар. Айлығы кемі 500 мың теңге болады.

Жанел Нұрболатқызы, тілші:

Міне, менің қолымда көпшілік сүйсініп жейтін форель балығы. Мұның нарықтағы бағасы бір тоннасы кемі 5 млн теңге шамасында. Мұнда жыл сайын 70 тонна шығарылады. Ал енді түсер пайданы өзіңіз есептей беріңіз.

Мейрамбек Пазылбеков, балық фермасының бас директоры:

Осы 2026 жылға жоспарымыз үлкен екі тұйық жүйе салу. Яғни оның барлығына бізге жұмыс істейтін мамандар керек болады. Бірінші кезекте, біз орналасқан Аққайың ауылынан жастарды жұмысқа шақырамыз. Ниеті бар азаматтарды өзіміз осы жақтан оқытамыз, тәжірибеден өткіземіз.

Ал бұл кәсіпорыннан түскен салықтың басым бөлігі ауылдың қазынасына түседі. Өйткені Мемлекет басшысы елді мекендердің бюджетін өзінде қалдыруға тапсырма берген еді.

Бүгінде елдегі ауылдардың барлығы дерлік сумен қамтылған. 60 пайыздан астамында газ бар. Бұдан бөлек 900-ге жуық медициналық мекеме салынды. 2021 жылдан бері  400-дей мектеп ашылды. Биыл тағы 100-ге жуығы салынады. Соның бірі - осы Аққайың ауылында. Қазір көне мектепте оқып жатқан балалар 1-2 жыл ішінде жаңа білім ошағына көшірілмек.

Бөлісу