Басты Жаңалықтар Президент Үкіметке волонтерлер ісін дамыту бойынша құжат әзірлеуді тапсырды

Президент Үкіметке волонтерлер ісін дамыту бойынша құжат әзірлеуді тапсырды

2030 жылға дейін волонтерлер ісін дамытуға бағытталған жаңа мазмұнды құжат әзірлеу керек. Бүгін халықаралық еріктілер форумында Президент үкіметке осындай міндет жүктеді. Мемлекет басшысы еріктілер жұмысын жүйелеуге бағытталған бес міндетке тоқталды. Әрі ел үшін маңызды құжат конституциялық реформаның маңызына тоқталды. Рет-ретімен Раушан Сайлауқызы.

Раушан Сайлауқызы, тілші:

Қайырымдылық – қанға сіңген қасиет. Ежелден қиналғанға қолдау, құлағанға сүйеу болу елдік дәстүрімізге айналғандай. Бүгін осы ізгі жолды жалғаған волонтерлер Тәуелсіздік сарайына жиналды.

Халықаралық волонтерлер жылының салтанатты ашылуы. 500-ге жуық ерікті елдің түкпір-түкпірінен жиналды. Жасы да, жасамысы бар.

Гүлбаршын Қасиманова, күміс волонтер:

72-демін, 1986 жылдан бері еріктімін. Қазақ тілі қоғамын құрғаннан бастап, үздіксіз білім беру қорын құрғанмын. Қазір Астанада «Силвер волонтер» деген топты құрдым. Бірінші көпбалалы аналарға көмектесеміз. Екінші, көп адамдар бізде қараусыз қалады. Қарттар, мүгедектер соларға көмектесеміз.

Бақытгүл Сағызбайқызы, күміс волонтер:

Менің жасым 74-те, 2010 жылдан бері қатысамын. Мынау еріктілер деген қазақтан қалған нәрсе ғой. Біздің баяғы асар. Сондықтан қазақ өмір бойы волонтерлықпен айналысып келеді.  

Иә, ежелден жақсылық жасауға жаны құмар халықтың бұл дағдысы өскелең ұрпаққа қашан да үлгі. Мектеп оқушысы  Алмат Тәңірбергенов те 4 жылдан бері игі істердің басы-қасында жүр.

Алмат Тәңірбергенов, волонтер:

Волонтерлермен бірге балалар үйіне, қарттар үйіне барып, олардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін, көңілдерін аулау үшін тиімді жобаларды жүзеге асырамыз.

Ел басына күн туған сәтте еріктілер алдыңғы шепте еңбек етті. Пандемия кезеңі. Мыңдаған волонтер басын қатерге тігіп, мұқтаж жандарға көмектесті. Су тасқыны. Апат күндері 50 мыңнан астам ерікті күн-түн демей,  табанды жұмыс істеді. Жалпы, мұндай мысалдар аз емес, өте көп.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ерікті болу игі істер жасау, жақсылық істеп, басқаға үлгі көрсету, Отаныңа адал қызмет ету, туған жеріңе жанашыр болу деген сөз. Нағыз волонтер тұтас қоғамның игілігін ойлайтын, еліміздің мұрат-мүддесін биікке қоятын саналы азамат екені сөзсіз. Осы орайда, бүгін мен барша еріктілерге шынайы алғысымды айтамын.  

Абылайхан Әбдіраш, «Медицина жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

Арыстағы жарылыс кезінде біздің волонтерлер алғашқы көмек көрсеткен еді. Пандемия кезінде 2020 жыл біздің 2000-ға жуық волонтеріміз диспансерлерде қызмет атқарды. Осы жылға жоспарымыз, індетке айналған смартфонға тәуелділік, нашақорлық, лудомания секілділерді медициналық волонтерлердің көмегімен алдын алуға көмектесу.

Елімізде волонтерлер саны 300 мыңға жетті

Биыл бүкіл әлем Халықаралық еріктілер жылын атап өтпек. Бастаманы Біріккен Ұлттар Ұйымының 75-сессиясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көтеріп, ұсыныс жаһандық ауқымда қолдау тапты. Ендігі міндет саладағы жетістіктерді таразылап, алдағы бағытты айқындау. Қазір елде 1 ұлттық және 20 аймақтық фронт-офис табысты жұмыс істеп тұр. Еріктілердің саны 2020 жылы 50 мың болса, биыл 300 мыңға жетті. Ұйым саны төрт есе өсіп, 800-ден асты.

Зарина Мирабдуллаева, Еуропа мен Орталық Азия аймағы бойынша халықаралық волонтерлер жылының өңірлік үйлестірушісі:

Рахмет айту үшін де шақырдық. Себебі көбінесе бізге өте керек. Тек қана бізге емес, бүкіл әлемге волонтерлер керек. Олардың жұмысы ақшамен бағаланбайды.

Президент волонтерлер жұмысын жүйелеуге бағытталған бес міндетке тоқталды

Президент волонтерлер жұмысын жүйелеуге бағытталған бес міндетке тоқталды. Алғашқысы - волонтерлік қызметте жаңа технологияларды кеңінен пайдалану. Еріктілер қозғалысы да бұл жұмыстан шет қалмауы керек. Президент волонтердің цифрлық паспортын жасау туралы ұсынысты қолдайтынын айтты. Екіншіден, халықаралық ықпалдастықты арттыру міндеті тұр. Еріктілер жаһандық құрылымдарда біргей тәжірибе жинақтап, ел игілігіне пайдалануы тиіс. Үшінші мәселе - азаматтардың экологиялық мәдениетін арттыру қажет. Сәтті жүзеге асқан жобалардың жарқын мысалы - «Таза Қазақстан» аясында еріктілер 1300-ден астам іс-шараға қатысты

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл бағыттағы жұмысты күшейте түсу керек. Себебі экологиялық мәдениеттің жоғары болуы, кез келген елдің озықтығы мен жасампаздығының айқын көрінісі, ал Қазақстан ең дамыған елдердің қатарында болуы қажет. Бұл біздің ұлттық стратегиямыздың аса маңызды бөлігі, әсіресе кәсіби эковолонтерлерді даярлап, әр аймақта тұрақты ұжымдарды жасақтау қажет. 

Президент Үкіметке волонтерлер ісін дамыту бойынша құжат әзірлеуді тапсырды

Келесі мәселе - волонтерлікті дамыту үшін мемлекет деңгейіндегі жаңа жүйелі шаралар қажет. Президент Үкіметке 2030 жылға дейінгі кезеңді қамтитын жаңа мазмұнды құжат әзірлеуді тапсырды. Әрі корпоративтік еріктілер қозғалысын дамытудың маңызына да тоқталып, кәсіпкерлерді де бұл іске белсене атсалысуға шақырды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы  Конституциялық реформаның мән-маңызына тоқталды.

Президент Конституциялық реформаның маңызына тоқталды

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Халықтан келіп түскен ұсыныстарды жүйелеп, жинақтау үшін Конституциялық комиссия құрылды. Оның құрамына барлық аймақтың өкілдері мен түрлі санаттағы азаматтар, халық қалаулылары, орталық атқарушы органдардың басшылары, құқықтанушы ғалымдар, тіл мамандары және белсенді жастар кірді. Қоғам өкілдерін қамту ауқымы, кәсібилік пен азаматтық жауапкершілік тұрғысынан алғанда, мұндай комиссия елімізде бұрын-соңды болмаған деп сеніммен айтуға болады.

Бүгінге дейін комиссияның 6-отырысы өтті. Оның бәрі әлеуметтік желіде тікелей эфирден көрсетіліп, ақпарат құралдары арқылы кеңінен таратылды. Президент  талқылау барысын мұқият қадағалап отырғанын айтты. Әрі Ата заңға енгізілетін өзгерістер мүлдем жаңа құжаттың бейнесін қалыптастыратынын жоққа шығармады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Конституция бұл кез келген елдің ең басты жол көрсететін құжаты, темірқазығы. Конституцияны бәріміз білуіміз керек, бағалауымыз қажет. Сондықтан егер болашақта Конституцияға қандай да бір өзгерістер, тіпті шағын өзгерістер енгізу керек болып жатса, ондай қадамды тек референдум арқылы ғана жасауға болады деген ойдамын. Бұл да халқымыздың азаматтық құқығын күшейтудің маңызды тәсілі деп сенемін.

Президент конститутцияда адамгершілік және гуманитарлық құндылықтарды бөлек жазу ұсынылғанын айтты. Сөз соңында әрбір азамат өзінің және қоғамның игілігі жолында күнделікті адал еңбек етіп, әлемді жақсарта түсуге ұмтылуға тиіс деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Танымал қоғам қайраткері пастор Мартин Лютер Кинг «I have a dream», яғни «Менің де арманым бар» деген еді. Сондықтан «мына әлемді жақсарта түсемін» деп армандаңыздар. Мұраттарыңызға жетесіздер деп ойлаймын.


Бөлісу