Басты Жаңалықтар Аралға ақбөкендер келді

Аралға ақбөкендер келді

Бетпақдаладағы ақбөкендер Сыр беткейге үдере көшіп, Арал атырабына ағылып жатыр. Қызылқұмға қарай бет алған түз жануарлары бүгінде азық іздеп, елді мекендердің аумағына дейін кірген. Өңірдегі тілшіміз Әділбек Серікұлы сайын даланың сәні киіктерді жақыннан таспалап, сирек кездесетін құбылысқа куә болды. 

Әділбек Серікұлы тілші:

Табиғатта ақбөкен өте сақ жануар. Әдетте, олар адамды алыстан сезіп үркіп қаша жөнеледі. Бірақ биылғы қыс қатты қар қалың жауып, Бетпақдаладан ауып келген түз жануарлары Аралдың маңына дейін келіп, тұрғындардың көз алдында жайылып жүр.

Жалпы, Сыр беткейге өткен ақбөкендер көктемге дейін адам аяғы баспайтын сай-саланы қыстап шығатын. Бірақ биыл Арал атырабында қыс жылдағыдан ызғарлы. Жерді қалың қар басқан. Азық таппаған киіктер үйір-үйірімен ауыл іргесіне келіп, тіпті емін-еркін көше кезіп жүр.  

Табиғат және жан-жануарлар дүниесін қорғау инспекциясының мамандары елді мекенге жақын жүрген киіктердің санағын жүргізіп, тиісті бақылауға алған. Бүгінде инспекторлардың есебі бойынша облыс аумағына өткен киіктердің саны 60 мыңнан асқан.

Айдос Қожабеков, «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК Қызылорда өңірлік филиалының инспекторы:

Арал қаласы маңында шамамен 30 мыңдай киік ақбөкен жануарлары мекен етіп жатыр. Яғни оларды қорғау жұмыстарын жүргізуге «Охотзоопром» Қызылорда өндірістік филиалы инспекторлары бір бригада жұмыс астқарудамыз. Заң бұзушылық броконьерлік деректер анықталған жоқ. Яғни жануарлардың жай-күйлері жақсы.

Ауыл адамдары мұндай құбылыс бұған дейін сонау 90 жылдары болған дейді. Аралға арып-ашып жеткен киіктерге жергілікті тұрғындар да аяушылық танытуда. Әсіресе балалар ерекше қызықтап жүр. Қоршаған ортаны қорғауға үндейтін «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында мектеп оқушылары түз жануарларына жем-шөп шашып, қамқорлық көрсетіп жатыр.

Аңсаған Адайбек оқушы:

Ақбөкендер аман болсын деп біз осы шөп жайып жүрміз. Ақбөкенді осы күнге дейін мен тек кітаптан көріп жүрдім. Енді оларды көргеніме өте қатты қуаныштымын. Және ақбөкендер өте әдемі екен.

Айжарық Жеңісұлы, оқушы:

Біз «Қызыл кітапқа» енген жануарларды өз көзімізбен көреміз деп ойламадық. Және өте қуанып жатырмыз.

Қазақ халқы үшін киелі жануар мемлекет қорғауының арқасында соңғы жылдары көбейіп, қазір елімізде киік саны 4 миллионға жақындаған. Соның басым бөлігі Бетпақдала мен Сыр беткейде мекен етеді.  

Бөлісу