Басты Жаңалықтар Қостанай облысында ауылдардың әлеуеті артып келеді

Қостанай облысында ауылдардың әлеуеті артып келеді

Қостанай облысында ауылдардың әлеуеті артып келеді. Былтыр бірнеше елдімекен сапалы ауыз сумен, табиғи газбен қамтылды. 700 шақырымға жуық жол жөнделді. Оның жартысынан астамында бұған дейін ешқашан асфальт болмаған.

Мәдина Нағашыбай, тілші:
Қазір мұндағы жұрт бұлай шелектеп су тасымайды, ол кез келмеске кеткен. Апта күтіп, бар ыдысқа тұщы суды толтырудың да қажеті жоқ. Себебі былтыр үй-үйге су құбыры тартылып, әр шаңыраққа тіршілік нәрі жетті.
Қалима Есмақова отбасымен қаладан Октябрь ауылына осыдан сегіз жыл бұрын көшіп келген. Ауылдың кең ауасын, тыныш тіршілігін аңсадық дейді. Айтуынша, соңғы жылдары оң өзгеріс көп, мұндағы тұрмыс қаладағыдан еш кем емес, бар жағдай жасалған.
Қалима Есмақова, Октябрь ауылының тұрғыны:
Бұрын өте қиын болды. Аптасына бір-екі рет келеді. Оның өзінде кейбір кезде үлгермейміз. Кейде үйде болмай қаламыз. Қазір жақсы, су келгелі әдемі болды. Балалар мектептен келгенде жуындырамыз, таза су. Газ бар, үйге шейін жолымыз бар, асфальт салды.
Октябрь ауылы облыс орталығынан шамамен 15 шақырым жерде орналасқан. 2000-ға жуық тұрғыны бар. Бұрын жергілікті жұрт дәрігерлік көмек алып, қан тапсыру үшін қалаға сабылатын. Ал былтар жаңа амбулаториялық пункт бой көтеріп, ел игілігіне берілді. Жалпы өңірде соңғы үш жылда осындай 25 денсаулық сақтау нысаны салынған.
Фарида Әлмағанбетова, Октябрь аулының тұрғыны:
Дәрігерге қараламыз, өзіміз система алып та жатамыз. Қан қысымы бар және денсаулығына байланысты емханаға келе алмайтын адамдардың үйіне барып система салады. Жедел жәрдем шақырса, келеді. Жақсы мамандар.
Жалпы Қостанай облысында 492 елдімекен бар. Соның 300-ге жуығы әлеуеті жоғары тірек ауыл қатарына жатады. Қазір соның жартысы газға қосылған. Алдағы жылдары ауыл-аймақты көгілдір отынмен кеңірек қамту үшін бірнеше бағытта жобалар әзірленді.
Берік Таңжарықов, облыс әкімінің орынбасары:
Ақтөбеден келетін газ құбырының құрылысы басталғаннан кейін қамтамасыз етілмеген елді мекендерді қосуға болады. Сонымен қоса қазіргі таңда Меңдіқара, Ұзынкөл, Сарыкөл аудандарына магистралды газопроводтың құрылысын бастауға жобалық сметалық құжаттаманы дайындап отырмыз. Оны да 3-4 жылдың ішінде салып бітіруге болады.
Жалпы облыста ауылдарды дамытуға соңғы үш жылдың ішінде 400 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалған. Соның 17 млрд-ы жергілікті бизнес өкілдерінің үлесі. Сондай-ақ бұл аралықта ауылды жерлерде 500-ге жуық кәсіпкерлік нысан бой көтерген.


Бөлісу