Бельгияда тұратын қазақтар концерт берді
Бельгиядағы қазақстандық музыканттар Брюссельде концерт берді. Виоленчельші Динара Ұрысбекқызы мен пианиношы Гүлмира Мұздыбаева еуропалықтарды өнерімен тәнтті етті.
Қазақ ұлттық консерваториясының түлектері Бельгияның үздік оркестрлерінде, топтарында ойнап, он жылдан астам уақыт қазақ музыкасын Еуропалықтарға насихаттап жүр. Брюссельдегі дипломатиялық корпус өкілдері мен өнертанушылардың назарына музыканттар ұлттық фольклордың жауһарлары мен әлемдік классикалық туындыларды орындады. Шараны еліміздің Бельгиядағы елшілігінің қолдауымен Қазақстанның осы елдегі құрметті консулы мен Орталық Азиялық креативті орталығы ұйымдастырған.
Елена Харитонова, «Мәдениеттер керуені» Орталық Азиялық креативті орталығының тең директоры:
Бүгінгі шараны ұйымдастырушылар мен де Анна да Қазақстаннанбыз. Мақсатымыз – көпшілікке отандық талантты музыканттарымызды таныстыру. Осындай мәдени жобалар арқылы Еуропалық Одақ елдеріне еліміздің бай мәдениетін, ұлттық құндылықтарымызды насихаттасақ дейміз.
Анна Сусарова, Бельгияның Валлония аймағындағы Қазақстанның құрметті консулы, адвокат:
Құрметті консул ретінде мен Қазақстан мен Бельгияның Валлония аймағы арасындағы байланысты бекемдеуге күш салмақпын. Елшімен бірге осыған дейін Монс университетіне барып, екі елдің оқу орындары арасында ынтымақты күшейтуге уағдаластық. Ақпанда Льеж университетімен студенттер алмасу, қатынасты арттыру жайын талқылаймыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы