Әз-Наурыз Брюссельде тойланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әз-Наурыз Брюссельде тойланды

25.03.2019

Ұлыстың ұлы күнін ЮНЕСКО адамзаттың материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізсе, БҰҰ осыдан тоғыз жыл бұрын әз-Наурызды халықаралық мереке деп жариялаған болатын. Демек, бұл - күншығыс елдеріне ғана емес, барша адамзатқа ортақ мейрам. Батыс жұртына мерекенің мән-маңызын түсіндіру үшін 9 мемлекеттің Бельгиядағы елшіліктері бірігіп, Наурызды Брюссельде дүркіретіп тойлады. «Бозағ» өнер орталығында өткен тойға Еуропалық комиссия, Еуропарламент пен ЮНЕСКО, ТҮРКСОЙ сынды халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркменстан, Ауғанстан, Әзірбайжан, Түркия мен Иран. Тамырлас, бауырлас елдер әз-Наурыздың құрметіне дастарқанды молынан жайыпты. Өзбектер палауын, түріктер долмасын, тәжіктер тандыр нанын пісіріп, көпшілікке ұсынды. Тұңғыш ұйымдастырылған мерекенің мақсаты - ас ішіп, аяқ босату емес, асты арқау ете отырып, жаһан жұртының ынтымағын арттыру, мәдениетін тоғыстыру.

Криста Пиккат, ЮНЕСКО-ның Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстандағы бюросының директоры:

- Осы мерекеге қатысу - мен үшін үлкен құрмет. Орталық Азияның және Наурызды тойлайтын өзге де мемлекеттердің үнін, музыкасын есту, салт-дәстүрімен танысу - ғажап мүмкіндік. Наурыз құтты болсын!

Көк туы желбіреген қазақтың шаңырағына бас сұқпай кету мүмкін емес. Еуропалықтарға таңсық тағамның бәрі осында. Наурыз көже ішіп, құрт пен жент, қазы-қарта, еттен дәм татқандар бармағын қайта-қайта жалады.

Фотини, Брюссель қаласының тұрғыны:

- Қазақтың тағамдары қатты ұнайды. Әсіресе, бауырсақ пен етті жақсы көремін. Бүгін тойғанша жедім. Қазақтың бүкіл салтын құрметтеймін. Астана мен Алматыға сапарлағанмын. Елдеріңізді жақсы білемін.

Мерекенің көрігін қазақстандық қолөнер шеберлерінің көрмесі қыздырып тұр. Алыстан-ақ көздің жауын алатын әшекей бұйымдарға шетелдіктердің қызығушылығы жоғары. Сапасы мықты, бағасы арзан күмістен жасалған сырға, алқаларды еуропалықтар көптеп алып жатыр.

Көрмедегі киізден жасалған бұйымдар мен ұлттық киім-кешек, ыдыс-аяқты да шетелдіктер талап кетті. Ұлы Жібек жолын жаңғыртқан жәрмеңкеден соң көпшілік 9 ел өнерпаздарының концертін тамашалады. Қазақстанның атынан Ахмет Жұбанов атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі мен «Аққу» би ансамблінің әртістері өнер көрсетті.

Ақтөбелік өнерпаздардың талантына, кәсіби шеберлігіне еуропалықтар тәнті болды. Бельгия жұртының қошеметіне бөленген әртістер енді Люксембургта арнайы концерт береді.

Нұрсұлу ҚАСЫМ

Хабарламаларға жазылу