Жаңа бастамаларға көрші елдегі сарапшылар үн қосты
«Қазақстанның саяси жаңғыруы: реформалар, қоғамдық сұраныс және аймақтық контекст». Ташкентте осындай атаумен дөңгелек үстел өтті. Шараны Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігі ұйымдастырды. Басқосуда Президенттің Ұлттық Құрылтайда сөйлеген сөзі, сондай-ақ «Turkistan» газетінде берген сұхбаты талқыланды.
Жиынға Өзбекстанның жетекші сарапшылары, депутаттар, бауырлас елдегі қандастар мен өзге де азаматтар қатысты. Президенттің «Turkistan» газетіне берген сұхбатында айтылған жайттар көпшілік тарапынан қызу қолдау тапты. Соның бірі туризмді өркендетуге қатысты тұсы. Мәдениет пен бизнесті біріктіретін күрделі саланы дамытуда екі елге ортақ мүдделер көп.
Шерзодхон Кудратходжаев, саясаттанушы, халықаралық сарапшы:
Президенттің туризм саласын дамыту жайына ерекше тоқталғаны аса құптарлық. Бұл бізге де қатысты. Қазақстанның киелі жерлерін, табиғаты әсем аймақтарын көруге құштармыз. Өзбекстан саяхат саласын өркендетуді қолға алып жатыр. Бұл ретте бауырлас әрі көрші қос мемлекетте туризм саласын бірлесе дамыту бойынша мүмкіндіктер мол.
Жиында елші Бейбіт Атамқұлов құрылтайда көтерілген мәселелердің негізгі бағытын таныстырды. Президенттің бірпалаталы Парламентке көшу бастамасына тоқталып, қоғамдық талқылау мен референдум арқылы шешім қабылданатынын жеткізді. Конституциялық реформа елдің саяси-экономикалық дамуын жаңаша бағытқа бұрары анық десті сарапшылар.
Сергей Мутин, журналист, қоғам белсендісі:
Бұл өте маңызды қадам. Конституциялық жаңашылдық тату көршіміз тәуелсіз Қазақстан тарихында айрықша із қалдыратын саяси оқиға деп ойлаймын. Бұл өзгерістер Қазақстан–Өзбекстан ынтымақтастығына да жаңа мүмкіндіктер ашады.
Дөңгелек үстелге қатысушылар іргелес жатқан екі елдің біртұтас мәдени кодқа ие стратегиялық одақтастар екеніне тоқталды. Қазақстан мен Өзбекстанның арасындағы ынтымақтастық экономикалық, мәдени-рухани қарым-қатынасты тереңдетуге қуатты серпін беретінін атап өтті.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы