Басты Жаңалықтар Көмейінде күрделі патологиясы бар 120-ға жуық бала тіркеуде тұр

Көмейінде күрделі патологиясы бар 120-ға жуық бала тіркеуде тұр

Астанада мәскеулік және отандық мамандар бірігіп, көмейінде күрделі патологиясы бар балаларға операция жасап жатыр. Шеберлік сабағы аясында 20 ота сәтті өтті. Тілшіміз Айжан Иманғали операцияның біріне қатысып, дәрігерлермен тілдесіп қайтты.

Ларингоскопия. Дәрігерлер операция алдында тексеру үшін баланың көмейін монитордан бақылап отыр. Кішкентай пациенттің клиникалық жағдайы ауыр. Әр сәт-шешуші.    

Айжан Иманғали, тілші:

Міне, дәл қазір 3 жастағы балаға операция жасалып жатыр. Бұл балада төменгі жақ сүйегінің туабіткен ақауы болған. Анасының сөзінше, бала дүниеге келе сала оның тыныс алуы мен тамақтануы қиындаған. Дәл қазір баланың тыныс алуын қалпына келтіру үшін дәрігерлер барынша тырысып жатыр. Әдетте мұндай операциялар кемінде 30-40 минутқа жалғасады. 

Көп ұзамай, операция ойдағыдай аяқталып, бала наркоздан аман оянды. Бірақ пациенттің туабіткен өзге де патологиялық белгілері болған соң ота жасау оңайға түспеді дейді дәрігерлер.

Алмат Бекпан, оториноларинголог-хирург:

Бала әзірше арнайы түтікшемен жүреді. Бұл тыныс алуын жеңілдетеді. Барлығы жақсы болғаннан кейін түтікшені алып тастаймыз. Оған дейін біздің бақылауда болады. 

Ал бұл балаға аса күрделі операция жасалды. Көмейі қатты зақымданған 8 жастағы ұлға бұған дейін бірнеше рет шет елде ота жасалып, сәтсіз аяқталған. Енді науқастың көмейіне пластикалық жолмен операция жасауды мәскеулік дәрігер қолға алды. 

Павел Пряников, балалар хирургі:

Көмей мен кеңірдекке жасалған реконструктивті оталардан кейін пациент ұзақ уақыт дәрігер бақылауында болады. Бұл кезеңде ол 9 ай бойы стентпен немесе түтікшемен жүреді. Оны алғаннан кейін тағы үш ай бақылауға аламыз. Содан кейін ғана біз түтікшені алып тастау немесе қалдыру туралы шешім қабылдаймыз. Мұның барлығына кемінде 1 жыл уақыт кетеді.

Әдетте мұндай ауыр операциялар «Ана мен бала» орталығында шеберлік сабағы аясында жасалады. Бұл жолы тәжірибелі мамандар көмейдің стеноздық зақымдануы бар 20-ға жуық балаға ота жасады. Ал операциядан кеше ғана шыққан үш жастағы Рауан түтікшемен емес, өзі тыныс алып жүр.

Әйгерім Еділбекова, Шымкент қаласының тұрғыны:

Түнде жақсы ұйықтады. Сатурациясы бізде 90-нан көтерілмейтін, бүгін 97-98 болып ұйықтадық. Мұрнымен өзі демалды. Барлық тамақты жей береді. Кеше қуанып қалдық қой, жақсы нәтиже бар.

Мұрын және көмей ауруын емдеумен орталық бұрыннан айналысады. Мамандардың сөзінше, балалардың 5 пайызында диагноз туабітті болады, 95 пайызында түрлі себеппен пайда болады екен. Қазір орталықта 120-ға жуық бала тіркеуде тұр.

Бөлісу