Премьер-министр Шетелдік инвесторлар кеңесінің аралық отырысын өткізді
Премьер-министр Олжас Бектенов Шетелдік инвесторлар кеңесінің аралық отырысын өткізді. Жиын ел экономикасын жаңғыртуға және инвесторлармен тұрақты, ашық диалог орнатуға бағытталған. Басқосуда инвестиция тарту тетіктерін жетілдіру, жоғары технологиялық өндірістерді дамыту, сондай-ақ жасанды интеллект пен цифрлық шешімдерді кеңінен енгізу мәселелері талқыланды. Үкімет қазір проактивті инвестициялық саясатты күшейтуге басымдық беріп отыр.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер министрі:
Ел Президентінің нұсқауларына сәйкес жүзеге асырылып жатқан стратегия цифрлық секторды қарқынды дамытуға және IT қызметтері экспортының көлемін биыл $1,2 млрд-қа дейін арттыруға бағытталған. Тұтастай алғанда, цифрлық трансформация және ЖИ дамуы біз үшін тұрақты экономикалық өсу, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартудағы маңызды элемент саналады.
Қазақстанда инвестициялық тартымдылықты арттыру мақсатында 2025 жылы инвесторлық визаның жаңа тәртібі бекітілген. Соның аясында шетелдік азаматтарға 10 жылға дейін тұруға мүмкіндік беретін «Алтын виза» енгізілді. Отырыста энергетика саласын цифрландыруға ерекше көңіл бөлінді. Әсіресе электр желілеріндегі ақауларды анықтауда қолданылып жатқан жасанды интеллектке негізделген дефектоскопияның тиімділігі жоғары бағаланды. Шетелдік инвесторлар да мемлекет тарапынан бизнеске көрсетіліп жатқан қолдауды оң бағалады.
Еуропалық қайта құру және даму банкі Қазақстанның инфрақұрылым, энергетика және «жасыл» жобалардағы стратегиялық серіктесі. Шетелдік инвесторлар кеңесі – бізге және басқа инвесторларға ынтымақтастық мәселелерін тікелей талқылап, сын-қатерлер мен мүмкіндіктерге бірлесіп шешім іздеуге жол ашады. Қазақстан, әсіресе, Орталық Азияда, халықаралық инвестициялар тартуда көшбасшы ел екенін дәлелдеп отыр. Біз осы үдерісте сенімді серіктес болғанымызды мақтан тұтамыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы