Коррекциялық кабинеттер мен аутизм орталықтарына қолдау күшейеді
Мемлекет басшысы төртінші Ұлттық құрылтайда ерекше қажеттілігі бар балаларға оңалту орталықтарын ашу туралы тапсырма берген болатын. Енді «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында коррекциялық кабинеттер мен аутизм орталықтарын дамытуға көңіл бөлінеді. Оқу-ағарту министрлігінің ақпаратынша, елімізде 3 мыңға жуық арнайы педагог жетіспейді. Министрлік кадр тапшылығы мәселесін де шешіп жатыр.
Оралдық Лаура Бешаева ерекше баланың анасы. Биыл 7 жасқа толатын ұлына дәрігерлер туабітті сал ауруы диагнозын қойған. Қосымша бірнеше сырқаты бар. Айтуынша, үздіксіз оңалтудың арқасында баланың жағдайы жақсырып келеді. Ол қосымша инклюзия бойынша оқып, қазір орталықта жұмыс істейді. Өзі сияқты ата-аналардың білімін жетілдіріп, жұмыспен қамтыса деген ұсынысы бар.
Лаура Бешаева, ерекше баланың анасы:
Ауыл-аймақтарға орталықтар ашу керек. Өйткені қазіргі таңда ауыл-аймақтарда осындай балалар көбейіп жатыр. Сосын аналардың білімін жетілдіру үшін аналарға қолдау керек. Әр баланы өзінің ата-анасынан артық ешкім түсінбейді.
Педагог мамандығын бітірген ата-аналар педагог-ассистент болып жұмыс істей алады. Ол үшін ПМПК қорытындысы керек дейді министрлік өкілі. Жалпы, елде инклюзивті білім беруді қажет ететін 237 мыңнан астам бала бар. Ал түзету орталықтарында 6 мыңнан астам бала кезекте тұр.
Жәдігер Қожахмет, ҚР Оқу-ағарту министрлігі инклюзивті және арнайы білім беру департаменті директорының орынбасары:
Ақпараттық жүйені қолдану арқылы кезектілік екі есе азайды. 2024 жылдан бері қарай бұл мәселе өзекті болуына байланысты біз іс-шара қабылдаудамыз. 2026 жылдан бастап алдағы уақытта жаңа жүйе арқылы қызмет алуға тіркелу жеңілдейді.
Министрлік өкілдері маман тапшылығы біртіндеп шешіліп жатқанын айтады. Мәселен, биыл инклюзивті білім беру бағдарламасын оқып жатқан студенттер оқуын аяқтайды. Оған қоса өткен жылы арнайы педагог мамандығына бөлінген грант саны екі есе көбейген.
Ал «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында ПМПК желісі кеңейіп, коррекциялық қолдау кабинеттері мен аутизм орталықтарына қолдау күшейеді.
Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Оқу-ағарту министрі:
Осы шаралар денсаулығына байланысты үйде оқитын оқушылар санын біртіндеп азайтуға және олардың оқу-тәрбие процесіне қатысуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, арнайы ұйымдардың қызметі лицензияланатын болды. Бұл көрсетілетін қызметтердің сапасын жоғары деңгейде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы төртінші Ұлттық құрылтай отырысында ерекше қажеттілігі бар балаларды оңалту және дамыту орталықтарын құру туралы тапсырма берген болатын. Жауапты министрлік заң жобасын әзірлеп, Мәжіліске жолдаған. Құжатта үш министрлік бірігіп, әр балаға жеке назар аудару тетігі енгізілген. Заң қазір мәжілістің қарауында.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы